Жол төселіп, құбыр жаңара ма?

Жол төселіп, құбыр жаңара ма?

Тобыл қаласындағы 40 лет Октябрь көшесінің жолы жөнге келмей тұрғалы екінші жаз. Ол жердегі тозығы жеткен су құбырын жаңасымен ауыстыру үшін асфальті алынып тасталған болатын. Құты қашқан маңайдың тұрғындары  әкімдікке шағымданды. 

«Қазір біз кезең-кезеңімен жұмыс істеп жатырмыз. Сәл шыдаңыздар,  жолдың үстіне асфальт төсеп, жаңа орнатылған құбырды іске қосу ғана  қалып отыр», – деп Тобыл қаласының әкімі Захар Комаров елді сабырға шақырғандай болды.

Алайда ол маңайда қандай да бір жұмыстың жүріп жатқанын көрмедік.

Әкімнің пайымдауына қарағанда, жол төсеумен айналысатын жаңа мердігер компанияның атауы енді анықталып жатыр. Су құбырын қосып, жолды бітіруді ойлап отырған мамандары пайдалануға беру құжаттарын  әзірлеу үстінде. Дей тұрғанмен, Бесінші дүкеннің жанынан «Агромакске» дейінгі жол тобылдықтардың мазасын әлі де ала беретін түрі бар.

«Қазір жаз мезгілінде ептеп жүруге болады. Ал қыста бұл жолмен қатынау қиямет-қайым.  Былтырдан бері қаншама көлік апатқа ұшырады. Кешке келе жатқанда кейде қар аршуымызға тура келеді. Ал оған біз сияқты зейнеткерлердің шамасы келе бермейді», – дейді Игорь Дейнченко.

Тұрғындар жолдың уақытша қиыршық таспен тегістелгенін қалап отыр. Әкім айналасы екі шақырым болмайтын шағын көшенің бойына биылдан қалдырмай асфальт төсеп беруге уәде берді.

«Осы жерде жеке секторлардың алдын тазарту тазалық мекемелерінің міндетіне жатпайтынын айтайын. Бірақ келер қыста ондай мәселе болмайтынына сенімдіміз. Жолға төсейтін құмды жуық арада тасиды. Шілденің аяғына дейін бұл маңайды асфальттауға тапсырыс беріледі», – деді Тобыл қаласының әкімі.

Тағы бір мәселе, қалаға кіреберіс қақпа болғандықтан онысыз да берекесі қашып тұрған ол маңайдан көлік көп өтеді.  Жол белгілері уақытша алынып тасталғандықтан, тар көшенің тынысы одан бетер тарыла түсті. Бірақ, әкімдік тарабы ол жағдайдың шешімді жолын уақытша айта алмай отырған жайы бар.

 

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу