Жол апаты 16 желтоқсан күні сағат 15:15 шамасында «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» тас жолында, Қарасу ауданының Герцен ауылынан он шақырым жерде болған.
Volvo жүк көлігі мен Toyota Alphard жол үстінде соқтығысқан. Жүк көлігінің тізгінінде Түркістан облысының 32 жастағы тұрғыны болды, ал кө орынды такси Шалғышы ауылының 42 жастағы тұрғынына тиесілі.
Жойқын апат салдарынан ауыр жараланған үш жолаушы оқиға орнында мерт болды. Тағы үш адам әуелі Әулиекөл аудандық ауруханасына, кейін облыстық арнаулы медициналық мекемеге жеткізілді. Жапа шеккендердің арасында 11 жастағы ұл бала бар. Ол анасымен жолға шыққан. Жекіншектің жоғарғы және төменгі дене бөліктері ауыр зақымдалған, анасы да ауыр жараланды.
Мерт болған үш адам – педагог. Екеуі әуелде Октябрь жалпы білім беретін мектебінде жұмыс істеген. Осы оқиғаға дейін 35 жастағы Карина Лаврик Заречный мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 48 жастағы Луиза Ашаева Үлкен Чураков жалпы білім беретін мектебінің педагог-психологы болып қызмет ететін.
«Бұл қасіретті сөзбен жеткізу мүмкін емес… Карина Сергеевна бізде 2015 жылға дейін, ал Луиза Леонидовна екі жыл бұрын ғана отбасылық жағдайымен басқа елді мекенге қоныс аударып еді. Жайсаң жандар өмірден ерте озып отыр. Олар керемет мұғалім, білікті, өте мейірімді, әріптестері мен оқушылар арасында зор құрметке ие мамандар болатын. Қызметтеріне адал берілген, мақсатшыл, бастамашыл, озық ойлы озаттар еді. Ойлаудың өзі қорқынышты… Сене алар емеспіз… Өте ауыр қайғы…», – деп көңіл айтты Октябрь ауылындағы білім беру мекемесінің ұжымы.