Қостанай облысында «Жарқын ауыл» жобасы жалғасуда. Меңдіқара ауданына қарасты Харьков ауылында үш жақты меморандумға қол қойылды.
Қостанай облысында өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қолдауымен ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған «Жарқын ауыл» жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Аталған бастамаға облыс көлемінде 3,6 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Оның ішінде ең ауқымды жұмыстар Меңдіқара ауданында жүргізіледі – бұл ауданда 1 млрд теңгеден астам қаражат тартылған.
Бүгін Меңдіқара ауданына қарасты Харьков ауылында «AMANAT» партиясының аудандық филиалы, жергілікті атқарушы органдар және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Бұл шара ауылдарды көркейтуге, инфрақұрылымын жақсартуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Жарқын ауыл» жобасы аясында өтті.
Жиынға «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов, Меңдіқара ауданының әкімі Ғабит Бекбаев және ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қатысты.
«Ауыл – ел тірегі. Сондықтан партиямыздың басты міндеттерінің бірі – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру. «Жарқын ауыл» жобасы – нақты нәтижеге бағытталған тиімді құрал. Бүгінде осы бастамаға ауыл шаруашылығы өндірушілері де белсенді қолдау білдіруде, бұл – әлеуметтік жауапкершіліктің айқын көрінісі», – деді «AMANAT» партиясының ҚОФ төрағасы Алмат Досмұхамедов.
Жоба аясында Соснов ауылдық округінде жалпы құны 174,3 млн теңге болатын жұмыстар жүзеге асырылады. Оның 106,2 млн теңгесі – жеке инвестициялар есебінен тартылған қаражат. Атап айтқанда, Соснов ауылдық округінде, екіқабатты тұрғын үйді реконструкциялау, бірқатар көше жолдарын орташа жөндеу, спорттық инвентарь сатып алу, Харьков ауылындағы дене шынықтыру сауықтыру кешені мен хоккей корты маңын абаттандыру, көшелерді жарықтандыру жүйесін орнату сияқты маңызды жобалар іске асырылмақ.
«Жарқын ауыл» жобасы – ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу, жарықтандыру, қоғамдық орындарды ретке келтіру, балалар және спорт алаңдарын салу сияқты ауқымды жұмыстарды қамтитын, тұрғындар игілігі үшін қолға алынған нақты бастама.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған «AMANAT» партиясының
ҚОФ баспасөз қызметі