Осы жылдар ішінде Жітіқараның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты жақсарып, қаланың дамуына тың серпін берді. Ол қала тұрғындарының белсенді қолдауының арқасында жүзеге асты.
Бұл туралы Жітақара ауданың әкімі Аслан Жаныспаев тұрғындарды қаланың 85 жылдық мерейтойымен құттықтауында да айтып өтті.
“Сіздермен Жітіқара қаласының 85-жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шарада кездескеніме өте қуаныштымын. Жыл сайын біздің Жітіқара өзгеріп, әдемі бола түсті. Жыл сайын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп келеді, әлеуметтік нысандар жөнделді, шағын бизнес даму үстінде. Жітіқара ауданының табыс тарихы барлық тұрғындардың белсенді ұстанымы мен қолдауының арқасында қалыптасты”, – деп атап өтті әкім.
“Қостанай минералдары” акционерлік қоғамының қызметкерлері Александр Попков пен Қадыржан Құлмановқа “Жітіқара қаласына 85 жыл” мерейтойлық медальдарын табыс етті.
Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын ұсынды. “Агро фирма Алаш” ЖШС директоры Насыр Алашбаев Жітіқара ауданының құрметті азаматы атанды.
Қаланың жылдан-жылға гүлденіп, өсіп-өркендеуі – тұрғындардың адал еңбегінің жемісі екенін жітіқаралықтар осылайша дәлелдеп берді.
Орталықта ұйымдастырылған Жітіқара еңбек ерлерінің есімдері енгізілген кітап көрмесі де осы сөзімізді әспеттей түскендей.
“Бұл көрме осыдан бұрын Жітіқара ауданының тоқсан бес жылдығында қойылды. Биыл ондағы есімдерді жаңғыртып, 150 еңбек ері хатқа түсірілді”, – дейді іс-шараның ұйымдастырушысы Салтанат Жұмағұлова.
Ол тізімде қаланың өндіріс саласына бірнеше жыл тер төккен Сапархан Хакімов те бар.
“Анамыз ерте қайтыс болып, он екі бауырыммен қалдым. Жітіқарада мектеп бітіріп, зауыттарда еңбек еттім. Қарапайым кенші де болдым”, – дейді Сапархан Кәкімов балалық шақтың қиын күндерін еске алып.
Кейін ол күндер де артта қалып, бауырлары аяққа тұрды. Бірнеше жыл “Қостанай минералдары” комбинатында еңбек етіп, Партия хатшысына дейін өсті. Қала әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Облыс бойынша өнеркәсіп өндірісінің басшысы болды.
Жітіқара қаласымен қатар жасап келе жатқан Жаңыл Келаманова – шаһардың жиырма жылдан бергі тұрғыны. Бүгінде жасы сексен алтыға келген әжей он үш баланы өмірге әкелген.
“Қала гүлденіп, бүгінде құлпырып келеді. Баяғыда біз Степной ауылында тұрғанда осы қалаға келіп, қажеттінің бәрін тиеп алып кететін едік. Ол кезде дүние арзан еді. Мынау арада авто тұрақ болатын. Сонда көлік біткен тоқтайды. Бір жылдары қыс қатты болып, Степнойдан ұшақпен ұшып келгеніміз бар. Жолдасым Боқтыбай Келаманов Жітіқара өңіріне мол еңбегі сіңген, кезінде Ленин орденін алды(отбасында бала тұрмағасын, ырымдап атын солай қойған). Шаңырағымызда дүниеге келген он үш баладан бүгінде сегізі қалып, бағып-қағып өсірдік. Қостанайда, осында тіршілік жасап жатыр”, – дейді Жаңыл Келаманова.
Келамановтар Степной ауылында жетпіс жылға жақын тұрған. Боқтыбай отағасы қарапайым жұмысшыдан халық қалаулысы дәрежесіне жеткен тұлға.
Жітіқарада “Әнші балапан” атты балалар вокалдық байқауын өткізу жиырма жыл дәстүрге айналды. Жыл сайын 5-12 жас аралығындағы дарынды орындаушылар тамыздың басты оқиғасына дайындалады.
“Жітіқара – бұл заманауи қала, мәдени-рухани мұрасы бар қала. Бұл қала ақылды, талантты, креативті адамдардың, өз ісінің мамандарының бірнеше буынын өсірді. Осы вокалдық байқаудың көптеген жеңімпаздары музыкалық мансабын жан-жақта жалғастырып жүр. Бүгінгі байқаудан да сондай таланттар шығары сөзсіз”, – дейді байқаудың ұйымдастырушысы Светлана Бондаренко.
Байқаудың гран-приін жеңіп алған “Жұлдыздар” ансамблінің өнерге келгені былтыр ғана. Осы уақыт ішінде аудандық, облыстық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы болып үлгерді. Жуырда Рудный өңірлік байқауында жеңімпаз атанды. Топтағы қыздардың бәрі дерлік вокальда өнер көрсетеді.
Жітіқараның 85 жылдық тойында жаңа мәдени бастаманың тұсауы кесілді.
“Жан-жақтан әріптестеріміз қолдау көрсетіп жатыр. Әулиекөл, Денисов, Қарабалық аудандары мен Қостанай, Лисаков қаласынан өнерпаздар келіп, сахнада өз өнерлерін көрсетті. Биыл қалалық кітапхана ертегілер байқауын өткізуге ұсыныс айтқан болатын. Осы жоба бүгін сәтті жүзеге асырылды”, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жаңылдық Әлмұхамедова.
Қалалық кітапхана ұйымдастырған ертегілер байқауында білім беру орындарының тәлімгерлері кейіпкерлердің бейнесін ашуға ұмтылды.
Кешқұрым кезек жұлдыздарға келді. “Супер стар” жобасының жеңімпазы Алмас Кішкенбаев жітіқаралықтарды мерейтойларымен құттықтап, танымал лирикалық әндерін орындап берді. Көрермендер Х-Фактор Қазақстан жобасының жеңімпаз жүлдегері Ұлпан Жұмабек пен “BRO” дуэтінің өнерлерін қосыла тамашалады. Апалы-сіңілі Мұсаевалар сахнаны ерекше сәнге бөледі. Дана Сағынбай орталыққа жиналған қауымды әсем әнге бөледі. Жұртшылық Әділдің қоңыр әуеніне ерекше қошемет білдірді.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Жітіқара ауданы