29 Қаңтар, 2025
Жітіқарада бес баласынан айырылған ана бес жылға сотталды

Жітіқарада бес баласынан айырылған ана бес жылға сотталды

Үйі өртеніп балалардың өліміне әкеліп соққан қылмыстық іске шешім шықты.
Жітіқара аудандық сотында ҚК 292-бабының 3-бөлігімен (абайсызда 5 баланың өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) айыпталушыға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сотта анықталғандай, сотталушы балаларын қараусыз қалдырдып, үлкен ұлына үйдің іші салқындаған жағдайда пешке от салуды тапсырған. Ұлы отын, көмір және тұрмыстық қоқыстарды жағады екен. Сондай-ақ пеш жанында белгісіз сұйықтықпен жатқан пластикалық бөтелкені отқа салған. Нәтижесінде пештегі жалын күшейіп, өртке ұласқан.

Өкіншіке қарай, өрт салдарынан бес бала қайтыс болды. Сотталушы өзінің кінәсін мойындаған. Куәгерлер де айғақтап отыр. Сонымен қатар, сотталушының кінәсі оқиға болған жерді тексеруде толтырылған хаттамамен және сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденді.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің өкілі (аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі) сотталушының асырауында жас баласы болғандықтан бас бостандығынан айырмауды сұраған.

“Сотталушы өз кінәсін толық мойындады, істеген ісіне өкініп, оны бас бостандығынан айырмауды өтінді. Сот шешімі ҚК 292-бабы 3-бөлігінің санкциясы баламасыз жазаны – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. ҚК-нің 11-бабының 3-бөлігіне сәйкес жоғарыда аталған қылмыс абайсызда жасалған орташа ауыр қылмыстар санатына жатады. Жазаны жеңілдететін жағдай – бұл шын жүректен өкінуі және жас баласының болуы, ауырлататын жайт анықталмаған. ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігіне сәйкес жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жаза мерзімі ҚК-нің бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 1/2-нен аспауға тиіс”, – деп хабарлады Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сот осыған байланысты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал ҚК 74-бабының негізінде жас баланың болуына байланысты жазаны орындау кейінге қалдырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жітіқара ауданы

Жаңалықтармен бөлісу