Үш бірдей жүлдені қанжығалады

Үш бірдей жүлдені қанжығалады

Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығы қарсаңында өткен облыстық домбырашылар байқауында жерлесіміз Қайсар Ниязұлының бабы мен бағы қатар жанып, үш бірдей жүлдені қанжығалап қайтты.

Сарыкөл аудандық мәдениет үйінің талантты өнерпазы, жас домбырашы Қайсар Ниязұлы облыстық тарихи-өлкетану музейінде  өткен “Күмбірле, қоңыр домбыра!” атты облыстық домбырашылар байқауында жүлделі бірінші орынды (жүлде қоры 100 000 теңге) жеңіп алды. Ал, Арқалық қаласының туған күні және Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналған «Домбыра-думан» атты аймақтық домбырашылар додасында үшінші орынды (жүлде қоры 40 000 теңге) және Аманкелді ауданында өткен Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына орай және Ұлттық музыка аспаптарын жасаушы шебер Ораз Мұқанұлы Қожасовтың жүлдесіне арналған  «Қасиетті, киелі – қазақтың қара домбырасы» атты күй ойнаудан аймақтық байқауда тағы да үшінші орынды еншіледі.

-Алдымен Қостанайда  өткен байқауға қатыстым. Оған үміткерлер бүкіл аудандардан келді десем болады. Өңірдің мықты деген домбырашылары келді. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?»  дегендей бабым мен бағым қатар шауып, 1 орынды жеңіп алдым. Ал Арқалықта өткен сайысқа да өнерге еңбегі сіңген өнер майталмандары  қатысты. Ол жерде де құр алақан қайтпай, үшінші орынға ие болдым. Сол жерден бірден Аманкелдіге шығып кеттік. Еңбегіміз жанып, Аманкелдіде де үшінші орын алдым. Жалпы, Қостанайда өткен байқау алдында Тобыл-Торғай өңірінің танымал тұлғалары ұстаған домбыралар көрмесі ұйымдастырылды. Олардың ішінде Амангелді Имановтың, Әсия Беркенованың, Серәлі Қожамқұловтың домбыралары өте ерекше әсер қалдырды. Біздің домбыраға деген қызығушылығымызды одан әрі асқақтатты. Ұлттық өнеріміз жасай берсін, осындай мерекелік шаралар жыл сайын жалғасын таба берсін! – дейді жүлдегер желесіміз Қайсар Ниязұлы.

Жас та болса Сарыкөл ауданының мәдениет саласына өз үлесін қосып, қазақтың қара домбырасымен ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген Қайсар Ниязұлының бұл алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін де біраз шыңдарды бағындырып үлгерген. Айталық, 2020 жылы «Сарыкөл сазы» этно-фольклорлық ансамблімен бас жүлдені бағындырса,  2021 жылы облыста өткен «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты байқауда екінші орынды еншіледі.  Бүгінде оның шәкірттері аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып жүр.

Жалпы, бұл байқауларда танымал күйлермен қоса Тобыл-Торғай өңірі композиторларының шығармалары да орындалғанын айта кетейік. Байқау шартына сай облысымыздың әр өңірінен келген өнерпаздар Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгірдің күйлерін орындаудан өзара сынға түсті. Байқауға танымал тұлғалар, атақты күйшілер, үздік домбырашылар байқауының жүлдегерлері  қазылық етті.
Жүлдегерлер мен қатысушыларға мадақтама мен ақшалай сыйлық табысталды.

Руслан ӘЛКЕЕВ

Сарыкөл ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу