Жерлесіміз әрі әріптесіміз, белгілі тележүргізуші Сабыр Байзақов таяуда елордамыз Астана қаласында өткен триотлонға қатысып, «аэромен» яғни, «Темір адам» атанды.
Өзінің айтуынша спортпен айналысқанына көп бола қойған жоқ. Ол алғашқы қадамын қарапайым велосипед тебуден бастады. Машинамен жол кептелістерінде тұрғанша, тез жұмыс атқаруға қолайлы болды. Кейін велоқауымдастықтарға қосылып, араласа бастады. Велошерулерге қатысып, ұзақ жолдарға шығатын болды. Ата-бабасының атпен барған жеріне велосипедпен жетуге болатынын сезінді. «Темір тұлпар» қайда болса да алып барады екен.
Суға жүзуді бастады. Аэромен туралы кітап оқыды. Марафонға қатысу деректерін зерттеп көрді. Жүгіруді де ақырындап қолға алды.
Былтыр Түркияда жартылай «аэроменге» қатысып, мүмкіндігін сынап көрді. Сөйтіп, оны аяқтағаннан кейін толық қатысуға болады екен деген ойға келді.
Биыл Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай Елордада өткен сайысқа қатысуға бел буды. Ешқандай жаттықтырушысыз, арнайы курстарға жазылмай-ақ, өз бетімен дайындалды.
«Адамның мүмкіншілігінің мол екенін дәлелдегім келді. Мүмкіндік бар. Кедергілерді жеңе білсе болғаны. Әрине, менде де қобалжушылық деген болды. Алдымен 4 км жүзіп өту керек. Бірден велосипедке отырып 180 км-ді бағындыру қажет. Одан кейін 42 км-ді жаяу жүгіріп өту керек. Осылардың бәрінен өттім.
Старт басталғанда тек алға ұмтылуды ойлайсың. Бәрі уақытпен есептеледі. Уақыттан асып кетсе келесі сайысқа өткізбейді. Мәреге жету үшін барлық талаптарды орындау қажет. Толық дистанцияға 14 сағат 32 минутта жеттім. Талабы 17 сағат болатын. Бұл үлкен жетістік деп есептеймін»,-дейді даңқты бауырымыз.
Аэромен – бұл кәсіби спортшылардың арманы.Сабыр – асаба, тележүргізуші, суретші. Отбасылы, 3 баланың әкесі.
«Балаларымыздан жетістік талап еткенше, оларға алдыменөзіміз үлгі болыумыз керек. Ауыл баласы екенімді мақтан тұтамын. Негізінен спортта жақсы жетістікке жетіп жатқандардың дені ауылдан шыққан азаматтар»,-дейді жарқын жүзді жерлесіміз. Осылайша, алдына мақсат қойған азамат спортпен шұғылданған айналасы екі жылдың ішінде 41 медаль жинап үлгірді.
«Баламыздың жарысқа қатысқанын білген жоқпыз. Алматыдан балаларым келеді деп дастархан жайып күтіп жүрсем, баламның жүдеу түрін көріп жылап жібердім. Түсіндіріп айтқаннан кейін барып сабама түстім.
Баламның шымыр болуы Торғайдың киелі топырағының арқасы деп ойлаймын. Жастарымыз жетістікке жетіп өркендей берсін»,-дейді анасы Ғалия апай.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы