“Жер-2023” республикалық оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр

“Жер-2023” республикалық оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр

Алматыда жойқын жер сілкінісі салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау мақсатымен “Жер-2023” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіліп жатыр.

“Жер-2023” республикалық командалық оқу-жаттығуына он министрлік пен ведомствоның базасында құрылған 15 республикалық азаматтық қорғау қызметі, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары, ТЖ алдын алу және жою жөніндегі комиссиялар, облыстық, аудандық және қалалық азаматтық қорғау қызметтері, ҚР ТЖМ ведомстволық бағынысты бөлімшелері, сондай- ақ Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің (Әзірбайжан, Венгрия, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан) төтенше ведомстволарының авариялық-құтқару қызметтері қатысуда.

“Жер-2023” РКШЖ екі кезеңде өткізіледі:

Бірінші кезең: “Жер сілкінісі қаупі бар жағдайда бірінші кезектегі шаралар. Функциялық міндеттерді орындау бойынша Мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштерінің іс- қимыл жоспарларын нақтылау”;

Екінші кезең: “ТЖ аймағына күштер топтамасын жеткізуді ұйымдастыру. Дүлей зілзала аймағында авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу аясында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі бөлімшелерін басқару”.

Бүкіл елде өтіп жатқан оқу-жаттығудан Қостанай өңірі де шет қалған жоқ. Штабтың жұмысы мен әрекетін облыс әкімінің орынбасары Арман Әбеновтің өзі бақылап отыр. Оқу-жаттығу жиыны туралы Қостанай облысы бойынша ТЖД бастығы Қайрат Қасым мәлімет берді.

– Бізге Алматы қаласының Бостандық ауданындағы белгілі бір аумақты бекітіп берді. Ол жерде әкімшілік ғимараттар, аурухана, білім беру мекемелері, көп қабатты және жер үйлер бар. Қазір жедел топ және шұғыл күштер белгіленген пунктке келіп, барлау жүргізіп жатыр. Олар жағдайды бағамдап, қанша күш пен қаражат керек екенін есептеп береді. Аудан-қала әкімдіктері тез әрекет етіп, керек-жарақты автокөлікпен де, темір жол арқылы да жөнелтеді. Құрылған жедел топ көмекті жедел жеткізудің жолын қарастырып, одан әрі апаттық-құтқару жұмыстарына кіріседі, – деп түсіндірді Қ.Қасым.

Оқу жаттығу ертең, 12 қыркүйек күні де жалғасады.

 

Жаңалықтармен бөлісу