Арқалық жел электр станциясы – қаланың ұзақ мерзімді дамуына арналған халықаралық жоба. Өткен жылы пайдалануға берілген бұл маңызды нысан бүгінде қалыпты жұмыс ырғағында. Қазір қалада осындай екінші жоба да дайындалып жатыр. Бұл экологиялық зияны жоқ, яғни «жасыл электр» көзі.
Мамандардың айтуы бойынша, әрине, болашақта өңірден зауыттар ашылып, қала әлеуеті артып жатса бұл қуат көзі жеткіліксіз.
«Арқалық – шағын қала. Үлкен өндіріс көздері жоқ. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, бизнес түрлері енді ғана ептеп көтеріліп келеді. Қазіргі таңда облыстың оңтүстік өңірлері Арқалық қаласы және Аманкелді, Жанкелдин аудандары қалыпты тұрмыс кешу үшін 13 мгвт электр энергиясын қажет етеді. Оны КEGOC-тан және қосымша осы өңірде салынған жел электр станциясынан алып отыр. Қажеттілік жылдан-жылға өсіп келеді. Бұрын 12 мгвт болса, қазір оның қажеттілігі 15 мгвт-қа жетті. Осылай жылма-жыл электр энергиясына деген сұраныс арта береді. Сондықтан әрнәрсенің алдын алу керек. Егер АЭС салынса, қаламыздың көмірге тәуелсіз болуы ғажап емес. Жылыту орталығы көмірге көшкелі жағдай түзеліп кетті деп айта алмаймыз. Ауыстырмасқа және болмады. Өздеріңз білесіздер, мазут өте қымбатқа түсті. Жылдан-жылға қазынаны сарқып болды. Ал, енді көмір бітсе не істейміз? Көмірге көшкелі бері қала экологиясының ластанғаны қар түскенде белгілі болып қалды. Бұрын ақ қар көзге шағылысып тұратын. Арзан отынға көшкенмен экологияға зардабы тиіп жатыр. Бұл үлкен мәселе», – дейді Арқалық қалалық мәслихатының төрағасы Гүлбану Елтебаева.
Қытай фирмасы қаланың Терісаққан бағытынан ЖЭС салады. Жер телімі белгіленіп, жергілікті атқарушы органдар инвесторларға барлық мүмкіндікті беріп отыр. Бастапқы ЖЭС қалаға 22 жұмыс орнын беріп отыр. Жаңа ЖЭС тұрғызылатын болса онда да осынша адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл да үлкен пайда. Бұл әлеуметтік жүйе емес, өңірдің экономикасына тікелей ықпал ететін нағыз өндірістің көзі.
Бұл көп зерттеуді қажет ететін, лабороториялық сараптамадан өткеннен кейін ғана қолға алынатын дүние. Бағаналарды да жай ғана бір қатарға қоя салмайды. Зерттеліп, әрқайсын желдің бағытына қарай орналастырған.
Гүлбану ЕЛТЕБАЕВА,
Арқалық қалалық мәслихатының төрағасы:
– АЭС-ті Президент бастап күн тәртібіне қоюы – ол қазіргі әлемдік жағдайдағы заманауи жағдайларға, тарифтің өрбуіне, жалпы геополитиканың жүруіне, жалпы технологиялар мен өнеркәсіптің дамуынаатысты. Жалпы тұрмыстың деңгейінің көтерілуінің бәрі энергия көзінің басқаша қаралатынына айғақ. Ол бәрібір күн тәртібінде тұратын дүние. Біз ерте ме кеш пе бәрібір бұл сұраққа келетін едік.
Неге десек, өйткені өнеркәсіпті алмағанда, біздің мынау күнделікті жүріп жатқан экономикамызды алмағанда, қарапайым үй тұрмысының өзінде бізде үйде не көбейді, электр приборлар көбейді. Біз бұрынғыдай ыстық жерде отырмаймыз. Кондиционер қосамыз. Үйіміз салқындап жатса, электр қуаты бар пештерді қосамыз. Қазір газбен жағатын плита емес көбісіне қауіпсіздікті ескеріп тоқ плитаға көшіп жатқанымыз бар. Анау екі минутта шай қайнататын шәйнектің қуаты тіпті ғажап. Оның сыртында қысқа толқынды пеш, шаңсорғыш, миксер сияқты толып жатқан қондырғыларды қосамыз.
Біз күнделікті тұрмыста электр қуатына күннен күнге тәуелді болып бара жатырмыз. Күнделікті тұтынатын телефонымыздың өзі электр қуатын қажет етеді. Сондықтан да қазіргі жағдайдағы бізге электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған ГЭС, ГРЭС басқа да заманауи ЖЭС, күн қуатымен тоқ алатын станция бұның бәрі ертеңгі күні тапшылықты қамтамасыз ете алмайтын жағдайға келе жатыр. Себебі, қолдағы мәліметтер бойынша бізді электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған көптеген қуат өндіруші көздердің 70 пайызға ескіргендігін ғалымдар дабыл қағып айтып жатыр.Қалған 30 пайызы жаңадан құрылған жел, күн өзге де экологиялық таза жолмен электр қуатын өндіріп жатырмыз дегенмен бірақ, ол қауқарсыз. Өйткені, жай құрылыстың маңына барсаң да үлкен помпалар, барлық болгаркалар, лай араластыратын миксерлер бәрі қуатқа қарап тұр.
Ал, енді Қазақстан электр қуатын өндіруші елдердің ішінде әлсіз болып тұр. Өйткені, біз электр қуатының денін Ресей мен Қырғызстаннан өзге де елдерден сатып алып отырғанымызды есептесек біздің қазіргі халіміз бүгінгі қалыптасып жатқан геосаясатта ең әлсіз звено деп айтуға болады. Кез келген уақытта дағдарысқа түсіп қалуымыз ғажап емес.
Күн тәртібінде тұрған мәселенің қажеттілігін ғалымдар да дәлелдеп отыр. Экологиялық жағынан таза, тиімділігі жағынан да қолайлы. Оның сыртында АЭС-тің шикізатының көзі негізінен Қазақстанда орналасқан. Біз сырттан отынын сатып алмаймыз. Қолдан келгенше өзіміздің елдің өркендеуіне, экономиканың жоғарылауына, өнеркәсіптің дамуына жалпы қазақстандықтарды ертеңгі күні ешкімге жалтақтатпай нық қарай алатын жағдайға жеткізетін бірден-бір нәрсе – ол АЭС салу.
Қаншалықты қауіпсіз дегенде бәріміздің есімізге Чернобыль мен Фукусимо түседі. Енді қарасаңыз, Чернобыль 1971 жылы салынған екен. Ол шындығына келгенде АЭС-тің ең алғашқы қарлығаштары. Одан бері елу жылдың сыртында уақыт өтті. «Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан» деген. Сондықтан, елу жылда атомның көзін энергетикаға пайдалану қарқындап дамып кетті. Франция сияқты халқы өте тығыз тұратын елде 56, АҚШ-та 94 АЭС бар. Ал, енді АЭС-тің жақсы жері біріншіден – қазіргі кезде елді алаңдатып отырған зиянды парниктік газды түзбейді. Екіншіден – күндердің күнінде жер бетінде мұнай да, көмір де, газ да бітеді. Ал, электр қуаты қазіргі жел мен күн күннен-күнге қарқындап өсіп келе жатқан адамзаттың электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан да ертеңгі күніңді бүгін ойлау үшін қазір жағдай барда іске асыруымыз керек.
Енді, оның сыртында жылына осы Қазақстанның өзінде электр энергиясын пайдалану 3 пайызға өсіп келе жатыр. Бұл – тоқтамайтын процес. Басында әртүрлі алыпқашпа сөздер болғанмен, біз нағыз ядрошы, физик-ядрошы ғалымдардан артық білмейміз. Олар қазіргі таңда ең тиімді деп осы АЭС-ті айтып отыр.
Сайын дала төсіне алып бағаналар келді. Алғашқы ЖЭС қаланың батыс жақ бетінен орын тепсе, келесісі шығыс жағынан бой көтермек. Осылайша, шағын шаһар дамудың даңғыл жолына түсіп, уақыт өткен сайын ажарлана түсуде. Тұрғындарының да келешектен күтер үміті зор.
«Болашақтан үлкен үміт күтеміз. Қаламызда экономикалық жағынан жақсы серпіліс болып жатыр. Оны тұрғындар да байқап, сезініп жатыр.
Әрине, тіршілік болғасын көптеген тосқауылдар да болады. Биылғы табиғаттың тосын мінез көрсетуі халықты біраз әбігерге салып, көптеген шығындар әкелді. Атқарушы органдарға үлкен ауыртпашылық түсті.
«Әр қиындықтың артында бір жақсылық тұрады» дегендей, шүкір бәрі орнына келді. Президенттен бастап үкіметтің жіті қадағалауымен үйсіз қалғандарға үй беріліп, қаржылай көмек беріліп, мал-мүлік бәрі қайта құралып жатыр. Енді дихандарымыз егіннен мол өнім алынып ел ырысқа кенелсе дейміз.
Қаламызда көшелер, алаңдар жөнделіп, жаңа тротуарлар салынып жатыр. Құрылыс аяқталғанда үлкен бір жақсы композиция болады. Тілегіміз – бірінші кезекте өнеркәсіп көздері көптеп ашылса дейміз. Халқымыз еңбекқор боласа дейміз. Жасыратыны жоқ, қазір кейбір жастарымыз аз жұмыс істеп, көп ақша тапқысы келеді. Алайда, еңбексіз ештеңе келмейді.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз – бұл өмір бойы жүретін қағида. Соны естен шығармауымыз керек».
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы