Жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылды

Жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылды

М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде колледж түлектеріне арналған ашық есік күні өтті.

Бұл болашақ студенттер үшін оқу орнының білім берудегі үдерісімен, зертханалық жұмыстарымен танысуға, сондай-ақ оқытушылармен, студенттермен қарым-қатынас орнатуға ерекше мүмкіндік береді.

Оқу орнының ректоры Арман Оразалиұлы университеттің 26 жылдан астам уақыт бойы білім беру нарығында табысты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.

«Осы уақыт ішінде біз жоғары оқу стандарттары және мамандарды сапалы даярлаудың арқасында Қазақстанда да, одан тыс жерлерде де танылдық. Біздің университетте бакалавриаттың 20 және магистратураның 7 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады. Кәсіптік бағдар беру жұмысына ерекше назар аударамыз және студенттерімізге өздерінің кәсіби жолдарын дұрыс таңдау үшін барынша мүмкіндіктер беруге тырысамыз», – дейді Арман Исмаилов.

Іс-шараға Қостанай облысының 40-тан астам ірі компания басшылары мен қызметкерлері, өңіріміздің түкпір-түкпірінен колледж түлектері жиналды. Жәрмеңкеге “Камлит К3” ЖШС, “Баян-Сұлу” АҚ, “Қостанай мелькомбинаты” АҚ, “ДЕП” ЖШС “Қостанай автомеханикалық зауыты” (KAMZ), “СарыарқаАвтоПром” ЖШС және т.б жұмыс берушілер қатысты.

 «Бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырғаны үшін университетке шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Бұл іс-шара студенттер мен түлектер үшін маңызды зор, оларға жұмыс берушілермен кездесуге және еңбек нарығындағы ағымдағы ұсыныстармен танысуға бірегей мүмкіндіктер береді», – дейді “Перспектива 24 – Қостанай” компаниясының өкілі.

Іс-шара аясында университет президенті Рихсибай Абдурахманұлы Міржақып Дулатұлы атындағы университетте оқудың ерекшеліктерін баяндап өтті.

«Қазіргі таңда университетіміз жаңа даму деңгейіне көтеріліп келеді. Мемлекет басшысы IT, экономика және инженериялық бағыттарды дамыту бойынша тапсырма берді. Сол тапсырма негізінде осындай іс-шараларды ұйымдастырып жатырмыз. Грант ұсынған мекемелерге бізге сенім артқандары үшін алғыс білдіреміз», – дейді ол.

Оқу орнының ауласында түлектер үшін би жарыстары, әртүрлі ойындар ұйымдастырылып, викториналық сұрақтар қою арқылы студенттерге тек ақпарат беріп қана қоймай, көтеріңкі көңіл-күймен сыйлықтар ойнатылды. Сонымен қатар, серіктес кәсіпорындарға облыстық “Бос орындар жәрмеңкесі 2024” іс-шарасына қатысқаны және ынтымақтастығы үшін арнайы оқу орның президенті атынан алғыс хаттар табысталды.

Диана БАТЫРБЕК

Жаңалықтармен бөлісу