Жастардың ауданға тартуы

Жастардың ауданға тартуы

Аманкелді ауданына жаңа кіреберіс қақпа орнатылады. Бұл жоба жастардың бастамасымен жүзеге аспақ.

Қ.Әбенов атындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Талғат Карбозов жастармен кездесті. Еркін пікір алмасу форматында ұйымдастырылған кездесуге белсенділер, жас мамандар, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Жастар ресурстық орталығының директоры Бекболат Көптілеуов ауданда атқарылып жатқан іс-шаралар және алдағы жұмыстар жөнінде хабарлады. Одан кейін аудан жастары әкімге өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Оларды жұмыссыздық, кәсіпкерлік, бос уақытты тиімді пайдалану сынды мәселелер алаңдатады. Қазір студенттердің ауылға келетін кезі. Тиісті мамандарға жастар саябағында әр аптаның сенбісінде би кештері, спорттық іс-шаралар ұйымдастыру тапсырылды. Аудан әкімінің орынбасарлары да сын-ескертпелер естіді.

Ауданда мемлекеттік бағдарлама аясында грант, арзандатылған несие алып, кәсіп бастаған жастар бар. Аяжан Абдрахманова, Бақытжан Мұратұлы cөз сөйлеп, өздерінің кәсіптері жайлы айтып, бағдарламалардың тиімді тұстарына тоқталды.

Қоғам белсендісі Айбек Мырзағали биылғы Аманкелді Имановтың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында аудан жастарының бастамасымен қолға алынған кіреберіс қақпаның 3D үлгісін таныстырды. Тапсырыс беруші – ерікті жастар. Жобаны «Қостанай жоба құрылыс» ЖШС дайындаған. Қаржыны жастардың өзі жинап береді. Бұл – жастардың ауданға тартуы болмақ.

Айта кету керек, биыл батыр атындағы ауданға 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Аудан орталығында жолдарға асфальт төселіп, жарық шамдар орнатылып, әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды жүруде.

Аудан әкімі Талғат Карбозов жастардың ұсынысын құптап, әкімдік тарапынан қолдау болатынын білдірді. Талантты жастар мен кәсіп ашамын дегендер де назардан тыс қалмайтынын айтты.

Кездесу барысында бірқатар белсенді жастар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

 

Жаңалықтармен бөлісу