Жасөспірімдерге қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді 

Жасөспірімдерге қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді 

 Қостанайда жасөспірімдерге арналған арнайы мекеме бар. Онда 16 жастан 23 жасқа дейінгі балалар үйінің түлектері тұрады.

Наурыз мерекесі қарсаңында облыстық ҮЕҰ ресурстық орталығының жанындағы күміс еріктілер тобы осы мекемеге барып, тәрбиеленушілеріне қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін таныстырды.

Қазақтың игі дәстүрімен шашу шашылып, балалар бауырсақтан дәм татты. Облыстық ҮЕҰ ресурстық орталығының жетекшісі Динара Өтебаева жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілерін наурыз мерекесімен құттықтады.

“Сіздермен кездесуіміз алғаш рет емес. Осы жерден шыққан бірнеше бала өз алдарына бүгінде отау тігіп, жақсы жолға аяқ басқанын білеміз. Сол жанұяларға қонаққа барғанда кәдімгідей марқайып қаламыз. Наурыз мейрамының алдындағы бұл көрсетілімдер сіздерге сол отбасылардың жолын бергенде үлкен сабақ болады деп ойлаймыз”, – деді Динара Өтебаева.

Жасөспірімдер үйі директорының міндетін атқарушы Балтабек Омаров іс-шараны ұйымдастырып, қолдау көрсеткен ұжымға алғысын айтты.

“Бізде қазір 59 бала тұрып жатыр. Олардың дені Қостанайдың әртүрлі оқу-орындарында оқиды, кейбіреулері жұмыс істейді. 12 тәрбиешіміз бар. Қазақтың салт-дәстүрлері балаларға таныстырылып жатқанына қуаныштымыз. Бұл оларға өмірлік сабақ болары сөзсіз. Екіншіден елге деген жастардың патриоттық сезімін оятады. Осындай кездесулерден алынған өмірлік дағдылар болашақ жас отбасыларына үлкен көмек”, – деді Балтабек Омаров.

Жасөспірімдерге қазақтың “тұсаукесер”, “қырқынан шығару”, “бесікке салу” рәсімдері көрсетілді.

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

 

Жаңалықтармен бөлісу