Жас бала – жас бiр шыбық

Жас бала – жас бiр шыбық

Әрбір халықтың өзіндік ұлттық құндылықтары бар. Әкенің қанымен, ананың сүтімен даритын бұл ерекшелік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани қазына. Біз де ұлттық құндылығымызды жоғары қоятын халықпыз. Өзіміздің болмасымыз, салт-дәстүр, ғұрпымыз, тіліміз, тәрбиеміз, фольклорымыз – ұлттық құндылықтарымыз. Қазақи рухы биік идеяның қалыптасуында ұлттық құндылықтардың маңызы зор.

Қазір біздің білім орындарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Соның аясында ұлттық құндылықтарымызға қатысты көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Тіпті, сабақтардың арасындағы үзіліс кезінде оқушылар асық ойнау, арқан тарту сияқты ұлттық ойындарды ойнауды қолға алған.

Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, төл құндылықтары мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлт-жанды тұлғаны тәрбиелеу – ұлттық бағдарламаның негізгі бағыты.

Қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас бiр шыбық, жас күнде қай түрде иiп тастасаң, есейгенде сол иiлген күйiнде қалмақ» деп тұжырым жасаған екен. Бүгінгі жас ұрпақты бала шақтан, яғни ерте жастан ұлттық құндылықтарға сүйене отырып тәрбиелеу керек. Бүгiнгi дұрыс тәрбие алған жастар – болашақ жақсы азаматтар. Сол себептен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Жастарға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беруге тиіспіз. Ұрпақтың бойына адамгершілік қасиетті сіңіре алмасақ, білімнің пайдасынан зияны көп болуы мүмкін. Қанша жерден білімді болса да, жақсылыққа ұмтылмаған адамнан еш қайыр жоқ», – деп ойын сабақтады.

Бүгінгі күн тұрғысынан қарайтын болсақ, егемен елдің бейбітшілігі мен бірлігін сақтайтын жас ұрпақтың бойына ерлік рухты, отаншылдық сезімді сіңіру – маңызды мәселелердің бірі. Елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрасы мен ұлттық тәрбие саласында еңбек ету – басты міндетіміз.

Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленгенс езім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ал осы ұлттық идеологиямыз әлсіз болса, барлық салаға өзінің теріс әсерін тигізетіні шүбәсіз. Мәселен, зорлық-зомбылық қайдан туындайды? Бала оны сыртта естиді, ақпарат көздерінен алады, көреді. Балаға сыртқы әсер етуші факторлар көп. Соған еліктеуі, еруі мүмкін. Біздің мектепте осы жағы мықтап қолға алынған. Бізде «Өнегелі 15 минут» деп аталатын құндылыққа сай шаралар жиі ұйымдастырылады. Біздің мектепте апта сайын қауіпсіздік жөніндегі сабақтар өтіп тұрады.

Бауыржан Момышұлы: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы санаған. Батырлық, ерлік ұрпақтан-ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі – тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық», – деген екен. Расында, кең байтақ атырапты жауға бермей, қасық қаны қалғанша күрескен, жарғақ құлағы жастыққа тимей, елім деп еңіреп өткен хас батырлар қаншама десеңізші! Олардың ерлігі кейінгі ұрпаққа қашанда өнеге болмақ.

Отансүйгіштік рух – Тәуелсіз еліміздің әлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Жас ұрпақ ең бастысы – отбасында асқақ отансүйгіштік сезімде тәрбиеленуі тиіс. Ұлы Абай: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан», – дейді. Отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына ата-ана, ауыл-аймағының ықпалы зор. Отанды сүю отбасынан басталатыны рас. Сондықтан бала тәрбиесінің шешуші факторы – отбасы. Баланың ер жетіпө суі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады.

Бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін нығайту мақсатында біздің А.Қоңқабаев атындағы мектепте «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары жаңа мазмұнда жалғасып жатыр.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам» деген жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан шығады?» – деген. Сондықтан ел болып, жұрт болып ұрпақ тәрбиесін қолға алу – басты шаруа. Мектептегі тәрбие барысында ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз еліміздің әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне жоғары мәдениетті деңгейде бейімделе алады деп сеніммен айта аламын.

 

Сәбина ҚҰРМАНҒАЛИ,

А.Қоңқабаев атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы

Жаңалықтармен бөлісу