Жақсыбек ЕШІМҚҰЛОВ. Кішкентай адамдар

Жақсыбек ЕШІМҚҰЛОВ. Кішкентай адамдар

(әңгіме)

Таңның салқынына малшынып, Есіркеп қария баяу ғана есікті ашты. Үйдегі кішкене пештен шыққан жылу кешегі кештен бері сөнбей сарқылғандай. Қолындағы бидай салынған кішкене дорбаны ұстап, ескі ағаш орындыққа жайғасты. Осы күндеауылданан да, су да қымбатқатүскенкез.

Ауылдастарыныңбәрі де Есіркептіжақсыбіледі. Ол кісініңжалғыздықтанбасқажаназабыболмағанымен, өміргеназданбайтын. Күнделіктішаруаларынатқарыпжүреберетін. Бірақсоңғыкездебазардағыбаға, ауылдыңқұлдырауыоның да жүйкесінетиіп, жанынаауырлық сала бастаған. Ауылдашындықтыайтатындардың саны азайған, ал әділеттілікүшін бас көтеру – ескіәдетболыпқалғандай.

Бүгін таңертең ауылдың сыртына барып, құдық басынан су алмаққа бет алды. Үстіне көп жыл бойы киіп жүрген көнетоз шапанын киіп, баяу ғана жүріп барады. Әр қадамы ауыр, әр тынысы шалынып шығады. Жолда келе жатып, көрші Ахметті жолықтырды.

– Ассалаумағалейкум, Есеке, қайда бағыт алып барасыз? – деді Ахмет.

– Уағалейкумассалам, шырағым. Су алуға шығып едім. Біздің ауылға енді шындықтың суын қайдан табуға болады деп ойлаймын.

Ахмет қарияның сөзін түсінгендей басын изеді де, жымиды.

– Сізді түсінемін, Есеке. Әділеттілік бізге де жат болды. Жастар ауылдан жұмыс таппай, қалаға бет алуда, ал біз тек үнсіз қаламыз, – деп ол күрсінді.

Есіркеп қария Ахметтің сөзін тыңдап, бетіне мұңды көзқараспен қарады да, ойға шомып қалды. Бұл ауылдың көптеген жастары әділетсіздікке шыдамастан қаладан орын іздеп кеткен, ауылда әділетсіздік пен қорлыққа төзе алмағаны да бар. Есіркеп осының бәрін ойланып, ауылға қайта оралғанша, ішінде терең өкініш пен арман бой көтерді.

Үйге келгенде, оның миында бір ой пайда болды. Ол өзінің соңғы жылдарын халық үшін, ауылдағы әділетсіздікті әшкерелейтін істерге арнауға бекінді. Өз көзімен көргенін, халықтың мұңын жазып, шындықты жеткізуді ойлады. Бәлкім, оның артындағы ұрпақтарына әділет жолында қалай күресуге болатынын көрсетуді өз миссиясына айналдырды…

Осылайша, Есіркеп қария қарапайым қағаз бетіне ауылдағы қайғылы жағдайлар мен өз ой-пікірлерін жаза бастады. Әр сөйлемін тұнық ойларымен өрнектеп, өткеннің көлеңкесінде қалып қойған шындықты қағаз бетіне түсірді. Оның жазбаларында қымбатшылықтың зардаптары, әділетсіздіктің кесірі, бай мен кедейдің арасындағы жік айқын көрініп тұрды.

Жазғандарын ауылдың үлкендеріне, соның ішінде көзі ашық, көкірегі ояу Ахметке оқуға беріп отырды. Ахмет қарияның сөзін үнсіз оқып, терең ойға батты. Әр жолдан ауылдағы қарапайым халықтың мұң-зарын сезініп, еріксіз күрсінді.

Бірде ауылдастарын жинап, өз жазбаларын ашық түрде оқып бермек болды. Қысылып келген жұрт үнсіз тыңдады. Әрине, алғашында бәрі таңырқап, «қарияның сөзінде не мән бар?» деп бір-біріне қарасып тұрды. Алайда Есіркеп шынайы әрі өткір сөйледі.

– Біздің ауылдағы кедейлік мені толғандырады. Халықтың жартысы күнделікті тамағын табу үшін не істеу керектігін ойлаумен жүр, ал кейбіреулері той-думанға малданып, байшылықта өмір сүруде. Әрқайсысының тағдыры әртүрлі болғанымен, әділеттілікті іздеуіміз тиіс.

Ата-аналар кедейлікпен өмір сүрсе, балаларымыздың ертеңі не болатыны белгісіз. Оларға әділетсіздікті көрмей, еңбек етуі үшін не беретінімізді ойлаудың уақыты келді. Біздің балаларымызды не күтіп тұр? Кәсіп пен табыс табу мүмкіндігі біздің ауылда жоқ, ал біз оларға қандай үлгі көрсетеміз?

Егер бәріміз үнсіз қалсақ, бізге ешқандай өзгеріс болмайды. Шындыққа бет бұруымыз керек. Біз – ауылымыздың бүгінгі күні, жастарымыз – ертеңі болу керек! Ал, осы бетте құлдырауды жалғастыра берсетін болсақ, ертең ауылымыз қаңырап бос қалады. Ата-бабамыздың көрі шөп басып, аяқ асты болады! Егер ауылымызда әділеттілік орнатпасақ, балаларымыздың тағдыры біз үшін мүлдем белгісіз болып қала береді! – деп, сөзін аяқтап, көз алдына жиналған ауылдастарын бір сүзіп өтті де, былай деді:

– Ағайын, біз қаншама уақыттан бері күйбең тіршілік тасын домалатып жүрсек те, оны өрге қарай итермелей алмаймыз. Бүгінгі жегенімізге ғана мәз болмай, балаларымыз үшін өмір сүруге қолайлы орта қалыптастырмасақ, ертеңгі күніміз даңғарадай үйде кәрі шал мен кемпір ғана қалады.

Осы сөздерден кейін ауылдағы кейбір үлкендер ойлана бастады. Олар ертеден-ақ ауылдағы биліктің әрекетсіздігіне көніп келген болатын. Бірақ Есіркептің осы бір қарапайым сөздері олардың жүрегіне әсер етіп, батылдық ұялатқандай болды.

Келесі күні Есіркеп қария ауылдың орталығындағы шағын базарға барып, қолына жазбаларын ұстап тұрды. Жұрт таңырқап, күмәнді көзқараспен қарияға көз тастады. Біраз уақыттан кейін оның қасына Ахмет келді.

– Есеке, не ойлап тұрсыз? – деді Ахмет естілер-естілмес дауыспен.

– Ойлап тұрмын, Ахметжан, ойлап тұрмын… – деді қария сабырмен, – Біз сәбидей жыламасақ, ауызымызға омырау тимейін деп тұр ғой… Ауызымызға тимесе де, ауылдың өркендеуіне тисе еді…

Ахмет басын изеді де, жиналған халыққа қарап, дауыстап үн қатты:

– Ағайын! Біздің ауылда барлық мәселе – тек бізге ғана байланысты емес пе? Не үшін үнсіздік танытып, әділетсіздікке көз жұма қараудамыз? Осылай кете берсек, келешекте не күтеміз?

Жұрт әлденеге күмәнданып, бір-біріне көз тастады. Есіркеп қария осы сәтті пайдаланып, қолындағы жазбаларын ашты да, ішіндегі ең маңызды жолдарды оқи бастады:

– Өмір бойы құрметке лайық деп санайтын ауылымыз енді әділетсіздіктің құрбанына айналып отыр. Қарапайым халықтың еңбек ақысы тиісті деңгейде емес, ал үлкен бастықтар бізді ойламайды. Біз осылай кете берсек, кімнен не күтеміз? Ағайын, мен сіздерге әділдік жолына шығайық деп айтып тұрмын.

Осы сөздерден кейін халықтың арасында күбір-сыбыр көбейе бастады. Бірқарияортағашығып, күмәндіүнмен:

– Есеке, сіздіңойыңыздұрыс та шығар. Бірақ не пайда? Шындықтыайтқанмен, біз неге жетеміз? Одан да өзкүніміздікөріп, тынышжүрмейміз бе? Бір аяғымыз жерде, екіншісі ана жақта ғой, саған сол керек пе еді? –деді.

– Дұрыс айтасыз, – деп жауап берді Есіркеп, – бірақ ертең балаларымыз әділеттілік іздеп, бізден “не істедіңдер?” деп сұраса, не дейміз? Осы мәселеге көз жұма қарасақ, өзімізге де, ұрпағымызға да обал емес пе?

Әңгімегежасжігіттер де араласабастады. Біреуіалғашығып:

– Ата, сіздіңсөзіңізкөңілімізгеқонады. Бірақосыншамақиындықтыжеңуүшінүлкенкүш керек қой. Биліктегілербіздітыңдайқоярмаекен? – деді.

– Жас бала, – деді Есіркеп, – билікке әсер етіп-етпеу өз қолымызда емес шығар. Бірақ біз өзгерістің алғашқы қадамын осылай бастасақ, бәлкім, өзгелер де бізге қосылар. Кішкентай қадамдардың өзі үлкен өзгеріске әкеледі. Бастысы – әділет жолында жүрекке сенім ұялату.

Ахмет қарияныңқолынқысаұстады да:

– Есеке, сіздің айтқаныңыз біз үшін, бүкіл ауыл үшін үлкен ой салды. Сіз бастаңыз, біз қасыңыздан табыламыз. Келесі аптада бар ауылды жинап, әділеттілік туралы ашық сөз қозғайық. Егер бүгін бастамасақ, ертеңгі күн де күңгірт болады, – деп қолдау білдірді.

Бұдан кейін халықтың әрқайсысы өз ойын айтып, қарияны тыңдай бастады. Кейбірі әлі де үреймен қарап, үнсіздікті сақтаса да, көпшілік Есіркептің батылдығына риза болды. Олар ертеңгі күнге деген сеніммен тарап, ауылда әділдікті орнатуға алғашқы қадамды жасайтындарына көздері жеткендей еді.

Ауыл тұрғындарының арасында біртіндеп қозғалыс басталды. Есіркеп қарияның жетекшілігімен ауылдастар жиналып, мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастыруды қолға алды. Бір апта ішінде олар жергілікті билік өкілдерімен кездесіп, өз талаптарын білдіруге шешім қабылдады.

Есіркеп қария жиналысқа келген ауыл тұрғындарына қарады да, сөзін бастады:

– Ағайын, бүгін біз маңызды кездесуге барамыз. Ауылымыздағы жағдайды өзгерту үшін не қажет екенін анықтап алуымыз керек. Бізде неше түрлі мәселелер бар, бірақ оларды шеше алмай жатқанымыз өкінішті.

Есіркеп қария ауыл тұрғындарын белсенді қатысуға шақырып, әрқайсысының пікірін тыңдауға мүмкіндік берді:

– Ауылдағы ең басты мәселелер неде деп ойлайсыздар?

Ауылдың жастары мен тәжірибелі адамдар пікір алмасып, әрқайсысы өз көзқарастарын білдірді.

– Ауылда жұмыссыздық көп, жастар шетке кетіп жатыр, – деді Бекзат, жас жігіт.

– Иә, және біздің балаларымыз білім алу мүмкіндігінен айырылып жатыр, – деп қосты Гүлнәр, жастардың анасы.

– Басқа ауылға барсаң, үйінің ішінде су, көшелерінде асфальт, тіпті жарық шамдары бар. Жаңа ғасырға түсіп қалғандайсың. Бізде, көшеде түгілі, кейде үйімізде жарық болмайды! Өтірік болса, айтыңыздар! – деді, Тұрсынбай деген асаба.

– Көктем келсе, қар еріп «үйімізді шайып кетпейді ме екен?! – деген қорқынышпен жазға жетеміз.

– Біздің ауылда медпункт болғанымен, ішінде цитрамон мен аспириннен басқа ештеңе жоқ. Әрине, ешкім ауырмасын, егер қиын жағдай болса орталыққа жеткізетін көлік те жоқ – деп назын айтты ауыл медбикесі.

– Біздің мектепте кадр мәселесін көтеріп жүргенім қашан?! Басқарма кадр жібереді, әкім жағдайын жасамайды. Ол бейшара сосын тайып тұрмай не істейді?! – деп, кейін бір өкінетінін сезгендей мектеп директоры еденнен көз алмай ішкі жарасын ашып айтты.

Ауылдағы тұрғындар қаржы мәселесіне де назар аударды. Есіркеп қария ауыл тұрғындарына былай деді:

– Біздің ауылда барлығы бір-біріне қолдау көрсетуі тиіс. Егер әркім өзінен бастауды ойласа, қиыншылықтарды жеңуіміз әлдеқайда оңай болады. Мүмкін, біз қаражат жинап, жобаларымызды қаржыландыра алатын қоғамдық ұйым құра аламыз.

Есіркеп қария төрт сағатқа созылға талаптарды, бес дәптерге толтырып жазып алды да.

– Ағайын, міне, енді бұл мәселелерді көтеруге болады! Ертең ауыл, аудан, керек болса облыс әкімдігіне барамыз! Ауыл тұрғындары өзара келісіп, кездесуге дайындықты аяқтады. Келесі күні бәрі бірге жергілікті әкімдікке барып, әділеттілікті талап етуге бел буып шықты.

Әркім түнде ішіндегі өкпесін, арызын айтып сәл жеңілдеп алғанымен, ертеңгі күні қалай болады деген оймен арпалысып түнде таңға таман ұйықтаған болар. Бірақ, сонда да айтылған уақытта жиналды. Ауыл тұрғындары әкімдік ғимаратына жеткенде әрқайсысының жүрегінде үміт пен сенім пайда болды. Себебі олар өздеріне тән мәселені ашық түрде айтуға келді.

Келесі күні, ауыл тұрғындары жиналатын күннің таңына жеткенде, көптеген адамдар түнде не болғанын, жиналысқа қалай дайындалғандарын, қорқыныш пен үміттің арасында қалай арпалысқанын еске алды. Гүлнәрді түні бойы болашаққа деген уайым қысып, маза бермегенін айтты:

– Түнде ұйықтай алмадым. Талаптарымызды қалай жеткізетінімізді ойладым. Біз шынымен де бірлігімізді көрсете аламыз ба?

– Неге болмасын! — деді Жанар, қолын сілтеп. — Біз бәріміз бірге, сеніммен әрекет етсек, жеңіске жетеміз.

– Білмеймін ғой, бәлкім алжыған шалға сенеміз деп, әкімді ашуландырып жағдайымыз тағы да нашарлап қала ма деп қорқам…

– Қорықпа, менің бауырым телевизорда істейді. Тыңдайтын үкімет болмаса, соны шақырамыз! – деген әңгімемен әкімшілік деген жазуы бар аппақ ғимаратқа жетті. Бүкіл ауыл бойынша екінші ғимарат. Біріншісі әкімнің орынбасарының үйі. Неге әкімдігі емес?! Себебі әкім жағдайы жасалған ауылда тұрады. Ол жерде жарық та бар, су да бар, асфальт та бар.

Жағдайдан кішігірім хабары бар, бірінші аппақ үйдің иесі ауыл тұрғындарын өзі күтіп алуды ар көрген жоқ. Көпшілік арасынан мектеп директоры мен медбикені көріп

– Жиналыстан соң екеуіңіз маған кіріп кетіңіздер – деді, алтын тісін жылтыратып. – Төрлетіңіздер, өздеріңізге есігіміз ашық қой, неғып тұрсыздар?! – деп, халықты басшысына жіберді.

Көптен күткен бетпе-бет келетін уақыт жетті. Әкім ауыл тұрғындарына әншейінде қабағын ашпайтын, бұл жолы жылы шырай танытып орынынан тұрып қарсы алды. Есіркеп ақсақал дәптерлерге жазып алған арыздарын бірін қоймай бәрін оқып, ауылдың бірінші адамына жеткізді.

– Сіздер, өте дұрыс істейсіздер! Президентіміз айтқандай халық мұңын, шағымын естуші үкімет болуымыз керек! Келгендеріңіз жақсы болды. Бұл мәселелер, менің де көкейімді тесіп жіберердей боп жүрген, дұрыс! Бәрін қолға аламыз! Жарайсыздар! – деп, халықтың көңіліне үміт отын жағып, шығарып салды.

Тұрғындарға бұдан басқа не керек?! Шағымдарын естігеніне мәз. Бірі «Бізде басқалардай өмір сүреміз» – десе, өзгесі «Біздің әкім қандай жақсы кісі» – деп жатты. Иә, арасында естігеніне күмәнмен қарайтындар да болды. Солардың бірі топ басындағы Есіркеп ақсақал. Ғимараттан шыққан бойда:

– Біз сөзге сеніп отыра бермей, өзіміз де әрекет жасайық. Бірінші кезекте ауылымыздың әлауқатын көтеретін «халықтық» қаржы ұйымы ашайық. Кім не бере алады?! Мен өзімжалғыз жылқымды сатып, ақшасын осы ұйымға құямын. Бірінші кезекте, медпунктке қажет дәрі-дәрмектерді реттестірейік.

– Ой, ақсақал сіз өйтіп құрбандыққа бармаңыз. Өзіңіз естідіңіз ғой. Бәрін реттейміз деді ғой

– Әрекет жоқ жерде, берекет жоқ. Мен екі қой атаймын – деді Байдәулет ата. Солайша бірі әкімге тесік тиын да шығарғысы келген жоқ, өзгесі ұйымдарына атайтын дүниелерін атап жатты. Есіркеп қария тағы да сөз алып

– Айналайын директор, менің ешкімім жоқтығын білесің. Сол себепті, жаңа мұғалімдер келсе, менің үйімде-ақ тұра берсін – деп, шабыт бермек болып еді. Не директор, не медбике көптің ортасында емес, әкімшіліктің ғимараты табалдырығынан шығып келе жатыр екен.

– Не айтты бәрі дұрыс па? – деп сұрады Ахмет. Директор да, медбике де басын изеді де, қастарынан өтіп кетті.

Халық аса мән бермесе де, бәрін бастап жүрген жандар көңілдеріне түйі де қойды. Арадан күндер өте бастады. Ұйымға қаражат жиналады-ау дегенде Есіркеп қария төсек тартып жатып қалды.

– Ассалаумаалейкум ақсақал. Жағдайыңыз жақсы ма? – деп Ахмет қарияның жағдайын білуге келген екен.

– Уаалейкумассалам. Ахметжан, саған айтар екі мәселе бар. Бірінші мәселе мен ана жаққа кетпей жатып, менің үйімді мектеп директорының атына аударып бер. Адал азамат. Жас кадрлар келсе, соларға берер.

– Оған әлі ерте… әлі қанша жұмыс атқарасыз

– Тыңда… екінші мәселе күнде келіп қарап отыр, бұл ажал сұрап келмейді.

– Жақсы.

– Тағы тілімді алар болсаң, сен бұл ауылдан кет! Майда халықтың майда шаруасымен майдаланып, алыптығыңды жоғалтасың. Әкім «иә» десе, олар соған сенеді. Алданады. Ұмытып бара жатыр екенмін ғой, анау жылқыны сатып ұйымға салып қойшы, бос сөз болмайын – деді. Осы сөздерден кейін Ахмет аманатты орындауға кірісті. Екінші күн дегенде мәңгілік есігі Есіркеп қарияның алдынан ашылды. Ауыл бәрі туыс болып, кемпірі мен баласының алдына қойды. Ахметті де ауыл тұрғындары соңғы рет сол кезде көрді.

Тұрғындар сол баяғы уәдені күтті. Жоқ. Ақыры қыс түскенде Жанардың тілші бауыры да келді, бірнеше репортаждар жасалды. Нәтижесіз болған жоқ, ауыл әкімінің орынбасары қызметінен кетті. Халық Есіркеп ақсақалдың жылқысынан басталған ұйымды еске алып, жұмысқа қоюды қолға ала бастады.

Ауылда көктемнің қызуы шығып, әр үйдің ауласынан шұрық-тесік пайда бола бастаған кезде әкімдік тағы бір жиын өткізді. Бәрінің жүзі ашулы, біреу мұрнын тартса, біреу шекесін қасып, әкімнің сөзін күтумен отырды. Әкім қара терге түсіп, жақсылықтың хабарын жеткізгендей болды.

– Ағайын, мен сіздерге уәде берген едім ғой, ауылдың мәселесін шешеміз деп. Биыл міндетті түрде жолды жөндейміз, су құбырының мәселесін қолға аламыз, – деп жаймен күлімсіреді әкім.

– Қарағым, талайдан бері тыңдап келеміз осы уәделеріңді. Тіпті телеарналар да бізге талай рет келді, үлкен сөздер айтылды. Ал іс қайда? – деген Байдәулет атаға әкім сөз таба алмай, бір сәт үнсіз қалып, көзін төмен салды да, әрең жауап берді:

– Сіздердің жағдайларыңызды маған жеткізбей жүргені үшін орынбасарымды жұмыстан шығаруға мәжбүр болдым. Қаншама құжат тұр, орынына дені дұрыс адам жоқ. Өздеріңіз білесіздер қаншама адамның жұмысын бір өзім атқарып жүргенімді. Бұйырса, кадр мәселесі шешілсе! Бәрі жақсы болады. Осы орайда сіздерге жақсы жаңалығымыз бар: сіздердің бейресми қаржы ұйымдарыңызды заңдастырдық. Бұл ұйымның арқасында ауылға сіз болып, біз болып қаншама көмек бере аламыз!

Осы кезде ауылдың тағы бір тұрғыны, орнынан тұрып:

– Жарайды, қаржы жинаймыз. Бірақ, оны кім басқарады? Ақша дұрыс жұмсала ма? Бізге есеп беретін адам бар ма?

– Әрине, сіздер оны танисыздар. Осы ауылдың тұрғыны. Уақытты келгенде көресіздер!Барлық жұмыс ашық жүргізіледі. Бәрі сіздердің көз алдарыңызда болады – деп ант суын ішті.

Уақыт өте келе ауыл әкімінің бұрынғы орынбасарыжаңадан мемлекеттік деп танылған қаржы ұйымына басшы болып әкімдік тарапынан бекітілді. Жаңа бастық ұйымға «Есіркеп Қарабайұлы фонды» деген ат берді. Жұрт аң-таң қалды. Ауыл ақсақалдары бір-біріне қарап, бас шайқады.

– Осы біздің уайымымызды әкімге жеткізе алатын адам бар ма өзі, а? – деді Байдәулет ата ауыр күрсініп.

– Әкімге жеткенмен, шындыққа жетпей қалады ғой, – деді қасында отырған бір әйел, — бәрі сол баяғы…

– Енді не істейміз? – деді бір жас жігіт, үнінде шаршағандық бар.

– Құдайы жар болар, сабыр сақтайық, – деді Байдәулет ата, басын төмен салып, қолындағы таяғын қысып.

Кешқұрым ауыл орталығында бұрынғыдай гулеген дауыстар өшті. Әкімнің сөзін талқылап, ой-пікір айтатындар да азайды. Жұрт уәде етілген жаңалықтардан күдер үзді, сөйтіп барға қанағат етіп, өзара үндемей тіршілігін жалғастыра берді.

Әлдебір түпсіз иірімге түсіп, азап шеккен ауыл адамдары ақыры қолын сілтеуге мәжбүр болды. Олар еліріп, «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей-ақ, бәріне көнуге тура келді. Шаршағаннан барға да, жоққа да риза болып, барлығын тағдырға балады.

«Енді қайтеміз, барға қанағат қыламыз» – деп біреулер айта бастады. Енді біреулер қолдары жетпеген алманы аңсап тұрғандай, «Бұйырған кетпес, бұйырмаған жетпес» деп, сабыр қылып іштей жұбаныш тапты. Тек кейбір жандар Есіркепқарияның әрекетін еске алып, орнын ешкім толтыра алмайтынын іштей түйді.

Ауыл басына қанша шенеунік келіп-кеткенімен, қарапайым жұртқа беймаза тіршілік пен бұрынғыша еңбек ету ғана бұйырды. Әкімнің көлеңкесінде қалған арман-тілектер жай ғана шаң басып, ұмыт қала берді. Ал әкімнің өзі болса, кезекті қағаздарға қол қойып, «Мемлекеттік қаржы ұйымының» шылбырына мықтап жармасып, өз орнын қазығынан қозғалтпай, ескі сүрлеуді қайта бастады.

Енді ауыл адамдары әкімдік сөзге сенбес бұрын бір-біріне: «Әй, қоя бер! Тағдырдың жазғаны болар» – деп өмірлерін жалғастыра берді.

Павлодар облысы

Жаңалықтармен бөлісу