Фотограф десе жиын-тойды естелік суретке түсіруші адам көз алдымызға елестейтіні рас. Шындығында, фотоға түсіре білу де үлкен өнер. Бүгінде фотосурет саласы қарқынды түрде дамып, аталмыш мамандық иелері сурет көрмелерін жиі ұйымдастыруда.
Науырзым ауданының тумасы Алексей Тимошенко облысымыздағы белгілі фотосуретшілердің бірі. Жуырда Қостанайдағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде суретшінің жеке көрмесі өтті.
Алексей Тимошенко 1986 жылы Науырзым қорығы ғылыми орталығы орналасқан Караменді ауылында туған. Қорықтың ең қарт қызметкері Александар Петровичтің тәлімгерлігі Алексей Тимошенконы туған өлкенің табиғатына ғашық етті. Осылайша, суретшінің фотосурет әлеміндегі алғашқы қадамы Науырзым қорығынан басталған болатын. Кейіпкеріміз қазіргі Қостанай өңірлік университетінің педагогикалық институтын тәмәмдағаннан кейін, туған жеріне оралып, Науырзым қорығында орнитолог маманы ретінде еңбек жолын болып бастайды. Одан кейін Солтүстік Еуразияның орнитофаунасын зерделеу жөніндегі халықаралық жұмыс топтарының, қазақстандық биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының жануарлар дүниесін мониторингілеу жөніндегі жетекші маманы және Қостанай филиалының төрағасы қызметтерін атқарған.
Алексей Тимошенко Жанкелдин ауданының аумағында орналасқан Қазақстандағы тұңғыш экологиялық парк “Алтысайды” басқарушылардың ең алғашқысы болған. Ол өзінің зерттеу нәтижелерін ғылыми басылымдарда үнемі жариялап отырады.
Гүлім ҚАЖЫМ,
ҚӨУ-дің студенті.