ҚР Мемлекет істері жөніндегі Департаментінің Қостанай облысы бойынша басшысы Ерлан Салықбаев жұмыс сапарымен Сарыкөл ауданына келді.
Алдымен, ол ауданның мемлекеттік қызметшілерімен көшпелі кездесу өткізді. Жиынды аудан әкімі Амантай Балғарин ашып, жүргізіп отырды. Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар түсіндірілді. Кездесу барысында қызметшілерді қызметті бағалау, қашықтықтан жұмыс режимі, икемді кесте, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін функционалдық блоктар бойынша бөлу мәселелері қызықтырды. Одан кейін Ерлан Амандықұлы аудан жастарымен кездесті.
Оларға мемлекеттік қызметке кіру тәртібін жеңілдететін өзгерістер туралы айтты.
— Жоғары үлгерімін көрсеткен, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқыған ЖОО түлектері бітіргеннен кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалу мүмкіндігіне ие болады, – деді ол.
Сонымен қатар, Департаменттің «Сәтті бастама», «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» жобаларымен, сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы таныстырды. Департамент басшысы Сарыкөлге сапары соңында ауданның ХҚКО бөлімшесіне барды. Ол мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша Халыққа қызмет көрсететін кадр құрамымен танысты. Ерлан Салықбаев өз кезегінде
мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтты.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы