Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Жаңа оқу жылының басталуына көп уақыт қалған жоқ. Облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Данагүл Сүйіндікованың айтуынша, кезекті оқу маусымына әзірлік барысы жаман емес. Биыл өңірде 433 білім ошағында қоңырау соғылады.

Өкінішке қарай, облыста бала саны аз 12 мектеп жабылған. Бірақ, дәтке қуат болары сол,  өңірде оқушылардың саны жыл озған сайын артып келеді. Мәселен, 2023-2024 оқу жылының басында оқушылар контингенті 2033  оқушыға ұлғайыпты.

– Үш жылдың  ішінде білім беру жүйесін қаржыландыру 53% – ке өсті.Биыл бұл салаға 196, 3 млрд  теңге бөлінді. Біз оқу процесін сапалы ұйымдастыру үшін қажетті жағдайлар жасауды жалғастыра береміз. Мәселен, биыл облыста алты  жаңа мектеп ашылады. Мұның сыртында жыл сайынбілім беру нысандарын жөндеуге қомақты қаражат бөлінеді. Биыл  155 білім ошағын  жөндеуге 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Барлық құрылыс-жөндеу  жұмыстары белгіленген мерзімде және оқу жылы басталғанша  аяқталады, – деді Д.Сүйіндікова.

Өңірде оқушылардың тасымалдау үшін  білім ошақтарының  техникалық  паркі үнемі жаңартылып отырады. Мәселен, 2022-2023 жылдары лизингке 30 автобус сатып алынған.  Биыл тағы  4 шағын автобус әкелінді. Тағы бір маңызды мәселе, ол мектептерді көмірмен қамтамасыз ету. Данагүл Сүйіндікова атап өткендей,  алдағы жылу маусымында барлығы 69 мың тонна көмір қажет. Оған 1,2 млрд. теңге бөлінген. Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарына көмір жеткізіліп жатыр.

– Мектептерді жаңа оқу жылына дайындау  барысында көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ, Алтынсарин, Аманкелді, Әулиекөл, Денисов, Жанкелдин, Қарабалық Қамысты, Қарасу, Қостанай,Меңдіқара, Сарыкөл, Науырзым, Б.Майлин, Ұзынкөл аудандарының әкімдеріне осы мәселені бақылауға алуды сұраймыз. Өйткені, мектептерге көмір жеткізу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ, – деді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.

Кеңесте сөз алған аудан басшылары көмір мәселесі жиырмасыншы тамызға дейін толық шешілетіндігін айтты. Көмір тасымалдаушы фирмалармен көктемге салым келісім-шарт жасалған. Қазіргі таңда алды қажетті қаты отынның бір бөлігін әкеліп жатыр.  Облыс әкімі Қ.Ақсақалов бұл мәселені 1-қыркүйекке дейін аяқтауды міндеттеді.  Ол  мемлекет тарапынан білім беру саласына жасалып жатқан қолдаудың аз еместігін айтты.

– Білім беру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты. Жыл сайын осы саланы дамытуға қомақты қаржы бөлініп келеді. Соңғы үш жылда облыс білім беру саласының бюджеті 1,5 есеге өсіп, 196 млрд теңгеге жетті. Бұл облыс бюджетінің 30%-не тең. Біз жыл сайын мектеп оқушыларының да көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Кейінгі үш жылдың бедерінде  контингент екі мыңнан астам оқушыға өсті. Бұл жақсы көрсеткіш.  Соңғы жылдары 9 сынып түлектерінің көбісі мектептерде  оқуды жалғастырады. Олар жоғарғы білім алғысы келеді. Бұл да жақсы тенденция.  Бала сйыымдылығын төмендету үшін облыста тоғыз мектеп салынып жатыр. Соның алтауы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.  Мен облыстық құрылыс басқармасына білім ошақтарын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды қадағалауды тапсырамын. Облыстық білім басқармасына мектептерді заманауи материалдық жабдықтармен қамтамасыз етуді жүктеймін. Бұған да қомақты қаражат бөліп отырмыз. Мұның сыртында барлық жөндеу жұмысын назардан тыс қалдырмау керек. Биыл бұл мақсатқа 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.  Аудан, қала әкімдері  облыстық білім басқармасымен бірлесіп,  барлық құрылыс нысандарын уақытында тапсыруға күш жұмылдыруы қажет. Алайда, ол оқу процесіне кедергі келтірмеуі тиіс, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Облыс басшысы сондай-ақ, білім ошақтарының материалдық базасын нығайтуға қыруар қаражат бөлініп келе жатқанын еске салды. Мәселен, соңғы үш жылдың көлемінде қаржыландыру 8%-ке артқан. Яғни, 8,1 млрд теңге мектептердің инфрақұрымдық жағдайын оңалтуға жұмсалған.  Білім ошақтарын  кәсіби мамандармен толықтыруда бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Бүгінде облыс мектептерінде жиырма мыңдай оқытушы сабақ береді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылдан бері жыл сайын мұғалімдердің жалақысы 25%-ке ұлғайтылды. Осылайша, соңғы үш жылда олардың жалақысы үш есеге өсті. Соған қарамастан, кей өңірде маман тапшылығы байқалады. Құмар Ақсақалов  аудан, қала басшыларына  облыстық білім басқармасымен бірге оқу жылы басталғанға дейін бос ваканцияларды толтыру қажеттігін ескертті.

               Әлібек ЫБЫРАЙ

Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЙ

 

 

 

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу