Бүгіннен бастап «Даму» Қоры жаңартылған «Бірыңғай кешенді бағдарламаны» жүзеге асыра бастайды деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінен.
Бағдарлама ШОБ-қа мемлекет тарапынан тиімді қолдау көрсетіп, экономиканың түрлі салаларындағы бәсекеге қабілетті әрі импорттың орнын басатын отандық жобаларды дамыту үшін бекітілді.
Кешенді қолдау шаралары кәсіпкерлікті қолдауға арналған бұрынғы бағдарламаларды жетілдірді және алты бағыт бойынша қолдау көрсетеді.
1️⃣ «Микрокәсіпкерлік»;
2️⃣ «Шағын және орта кәсіпкерлік»:
3️⃣ «Өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік»;
4️⃣ «Моно- және шағын қалалар, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік»;
5️⃣ «Әлеуметтік кәсіпкерлік»;
6️⃣ «Қор биржасы».
Бағдарама аясында негізінен өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу және жоғары технологиялық қызметтегі жобалардың несие мөлшерлемесін субсидиялауға басымдық беріліп, сараланған әдіс пайдаланылады. Мұндай жобалар бойынша алғашқы 3 жыл ішінде кәсіпкер несиесін 8%-бен, төртінші жылдан бастап 9%-бен, бесінші жылдан бастап 10%-бен төлейді.
Сонымен қатар, Бағдарлама қор нарығын дамытуды көздейді. Мәселен, облигациялар шығарылымының бір эмитентке деген жиынтық номинал құны 3 млрд теңгеден 5 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, кәсіпкер үшін 5 жылға дейінгі мерзімге 6% түпкілікті мөлшерлеме белгіленді.
Сондай-ақ, Қор қаржылық қолдау шараларын кеңейтіп, субсидия құралынан кепілдік беру құралына қарай кезең-кезеңімен көшуге ниетті. Бұл жаңалық несиеге кепілдік беру аясын кеңейтеді. Қазір кепілдік берілетін несие сомасы 1 млрд теңгеден 3,5 млрд теңгеге дейін көтеріліп, кепілдік мөлшері несие сомасының 50% болды.
Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты да міндеттемелер енгізілді. Бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды іріктеу үшін міндетті нақты критерийлер белгіленді. Мысалы, мемлекеттен қолдау алған кәсіпкер еңбекақы төлеу қоры мен салық аударымдарын арттыру керек.
Бағдарлама талаптары жайлы толық ақпарат: damu.kz сайтында.