Рудныйда тұрғындар арасынан скринингтен өту барысында 51 әйелден сүт безі обыры анықталған. Қалалық емханада 5612 әйел тіркелсе, оның 2395-і тексерістен өткен. Сол себепті бұл әлі соңғы цифр деп айту қиын…
Кеншілер қаласындағы емханада скринингтен өткізу науқаны жыл басынан бері жүргізіліп жатыр. Тексеріс жас ерекшелігіне қарай үш кезең бойынша іске асырылады.
“Ал жатыр мойыны обырының бар-жоғын анықтаудан 3883 әйел өтуге тиіс, олардың 2110-ы қаралып, төртеуінен дерт белгісі анықталды. Тік ішек обырына келер болсақ, жоспарға сай 7026 адам тексерілуі шарт. Қазіргі кезде 2278 адам скринингтелген. Он адамда ауру белгісі бар болып шықты. Олардың барлығы онкологиялық орталықтарда тереңдетілген зерттеуден өтіп жатыр. Сондай-ақ, артериялық гипертензиясы бар, яғни, қан қысымы жоғары 25 адамды диспансерлік есепке алдық. Олар осы уақытқа дейін қан қысымының жоғары екенін білмеген. Дәрімен қамтамасыз етіп жатырмыз. Қант диабетімен ауыратын 5 адамды анықтадық. Пандемия кезінде көп адам скринингтен өте алмады. Сақтық мақсатында барлық профилактикалық шаралар тоқтатылған болатын. Яғни, тұрғындар арнайы скринингке шақырылмады. Соның салдарын бүгін тартып жатырмыз. Ауруын асқындырып алғандар бар”, – дейді Рудный қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Жандос Рахметов.
Дәрігердің айтуынша, шақыртуды елемей, тексерістен өтпей жүре беретін тұрғындар да жоқ емес.
“Халық арасында түсінбеушілік бар екенін жасырмаймыз. Біздің тараптан олар тексерістен өтуге шақырту алады. Ал кей тұрғындар қажеті жоқ екенін айтып, жолағысы келмейді. ҚР Денсаулық сақтау кодексінде науқастардың міндеттері анық көрсетілеген. Әр адам жылына бір рет профилактикалық скринингтен өтуге міндетті. Ақпараттандыру жұмыстары жақсы деңгейде жүргізіледі. Өз денсаулығына ұқыпты қарайтын, өз еріктерімен келіп, тексеріліп тұратын тұрғындар да аз емес”, – дейді Жандос Рахметов.
Емханада ота жасалмайды. Қажет болған кезде еліміздің барлық аймағына жолдама беріледі. Тек тексерістен өту үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру болуы шарт. Себебі онкология белгілері анықталған науқастың ары қарай ем алуына қаржы қажет болады. Ондай шығындар МӘМС есебінен төленеді.
Дәрігерге дейінгі кабинеттің медбикесі Гүлсара Жабагенова біз барғанда қала тұрғындарын қабылдап жатыр екен. Айтуынша, күнінен 200-ге тарта адам алдынан өтеді.
“Тұрғындар ең алдымен біздің алдымыздан өтіп барып, дәрігерге жолдама алады. Ол үшін келушілерге электронды карта ашып, тіркеп, тексеріс жүргіземіз. Адамның қан қысымы, салмағы өлшенеді, қан тапсырады. Денсаулық әр адамның өзіне керек. Әрқашан саламатты өмір салтын ұстану қажет. Өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, бірден қаралғаныңыз дұрыс. Өз бетінше ем қабылдауға болмайды. Ең бастысы, ауру белгілерін асқындырып алмау керек”, – дейді Гүлсара Жабагенова.
Зағира Кәрімова емханаға тексерістен өту үшін келген. Дәрігерлердің айтуынша, азаматша денсаулығын жақсы күтеді, жыл сайын скринингтен өтіп тұрады.
“Нешінші жыл екені есімде жоқ, бірақ жылына бір рет келіп, денсаулығымды тексертіп, скринингтен өтіп тұрамын. Зейнетке шыққаныма біраз болды. Емхана дәрігерлері жақсы қарайды. Үлкен адамға жылы сөздің өзі шипа. Қан қысымымды өлшеді, қалыпты жағдайда екен. Енді ары қарай тексерілуге жолдама алдым”, – дейді зейнеткер.
Емханаға бірнеше дәрігер жетіспейді. Айталық, мұнда онколог, пульмонолог, эндокринолог, лор және педиатор мамандарының тапшылығы сезіліп отыр. Десе де оңтүстік өңірден алты маман қоныс аударған. Солардың бірі – жалпы тәжірибедегі дәрігер Ерназар Абдулахов. Жұмыс істеп жатқанынан бесінші жыл. Бүгінде бөлім басшысы.
“Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегімін. Қостанай облысына сұраныс жіберіп, маман қажеттілігі бар деген соң көшіп келдік. Келіншегім де осы емханада мейірбике болып жұмыс істейді. Пәтер берілді. Көтерме ақыға да ие болдық. Барлық жағдай жасалды”, – дейді бөлім меңгерушісі Ерназар Абдулахов.
Айта кетейік, мемлекеттік тұрғын үй қоры арқылы емхананың 12 дәрігері баспаналы болған. Сондай-ақ, дәрігер тапшылығы бар өңірге барғанда мемлекеттен 3,5 млн теңге көлемінде көтерме ақы беріледі. Өңір әкімдігі пәтермен қамтамасыз етсе, емхана тарапынан 100 АЕК көлемінде тағы ақша төленеді. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылады. Онда әр отбасы мүшесіне 200 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі.
Сералы МЫРЗАБАЙ