Жалған құжат жасап, заңсыз сыйақы алған inbusiness.kz

Жалған құжат жасап, заңсыз сыйақы алған

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде ауыл шаруашылығы басқармасының үш қызметкері жалған құжат жасап, пара алды деген күдікке іліккен. Мұның сыртында, ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізген. Бұл жайлы Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Жандос Кенжебаев айтып берді.

“Ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері жеті ветеринарға құжаттарды қолдан жасаған, сондай-ақ, заңсыз сыйақылар алған. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің ішінен департамент “beefexportgroup” ЖШС ет өңдеу кәсіпорны директорының ісін сотқа жолдады. Олар ұйымдасып қылмыс жасаған. Келтірген залал көлемі 3 млрд-тан астам. Қазіргі кезде 219 млн теңге өтелді. Сондай-ақ, 3,9 млрд теңгенің мүлкіне бұғат қойылды”, – деді департамент өкілі.

Құзырлы орган агроөнеркәсіптік кешенде бюджет қаражатын бөлу рәсіміне, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің субсидияларды алуы мен мақсатты жұмсауына мониторинг жүргізіп отырады. Тексеріс кезінде “ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамыту” ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде мемлекет субсидия ретінде бөлген бюджет қаражатын ұрлаумен айналысқандар да анықталған.

“Олар мемлекетке 3 млрд теңгеден астам залал келтірген. Оның ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 107 млн теңгесі өтелді. Күдіктілердің 3,1 млрд теңге болатын мүлкіне бұғат қойылды. Қылмыстық схемаға барлығы 49 адам тартылды. Оның 13-і ұйымдасқан топ мүшелері. Оларға субсидиялар беру, салық төлеуден жалтару, заңсыз кәсіпкерлік қызмет, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру, лауазымды тұлғаларға пара беру және құжаттарды қолдан жасау айыбы тағылды”, – деді ӨКҚ алаңында өткен брифингте Жандос Кенжебаев.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі бақылаудағы компанияның қызметіне салықтық тексеру жүргізген билік өкіліне зорлық-зомбылық көрсеткен.

Жалпы алғанда, соңғы бес айда тергеу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде 68 қылмыстық іс тіркелген. Өндірісте 103 іс болған, оның 72-ін тергеу аяқталды. Ақырында 69-ы сотқа жіберіліп, үш іс тоқтатылған.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу