Бәрімізге белгілі, 2024 жылдың 6 қазанында Қазақстанда АЭС салуға арналған референдум өтеді. АЭС салу қажет пе, жоқ па – оны қазақстандықтар шешуге тиіс. Елдегі барлық саяси және қоғамдық бірлестіктер арнаулы штабтар құрды. «Ақпараттың жеткіліксіздігі жорамал тудырады» деген бар емес пе, сондықтан құрамына өзім де кірген штаб мүшелері облысымыздың барлық ауданын аралап жүрміз. «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясының облыстық филиалының төрағасы ретінде өзім басшылыққ алған іссапардың мақсаты – халыққа толық және расталған ақпарат тарату. Ұзынкөл, Алтынсарин ауданында болып келдік. Беделді сарапшылар мен энергетика мамандарының барлық ақпаратын зерттегеннен кейін штабтың барлық мүшесі 6 қазанда дұрыс таңдау жасаудың маңызын халыққа жеткізуге тырысып жүр.
Елде электр қуаты өте тапшы. Республиканың оңтүстігінде электр қуаты тапшылығы 55 пайызға тең. Сарапшылар алдағы 2-3 жылда Қазақстанның бұл өңірі жарықтың сөнуі басталған кезде осы қиыншылықты алғашқы болып сезінетінін ескертіп отыр. Ал бізде, Қостанай облысында қазірдің өзінде салынып жатқан жаңа өндіріс орындарында, атап айтқанда, индустрия аймағында электр энергиясының жетіспеушілігі туындауы мүмкін екені болжанып отыр. Көбі жаңартылатын энергия көздерін алға тартады, бірақ, біріншіден, генерацияның бір бірлігіне арналған АЭС электр энергиясын өндіру ЖЭК-ке қарағанда, кемінде үш есе көп болады. Екіншіден, жаңа энергия көздерін (күн, жел және гидроэнергетика) пайдалану кезінде біз үнемі ауа райына тәуелді боламыз. Үшіншіден, ЖЭК объектілерінің қызмет ету мерзімі – 25 жыл, ал АЭС энергиясының игілігін 60-тан астам жыл көруге болады. Бұл ретте АЭС станцияны мерзім соңында кәдеге жаратуды көздейді, ал енді жел қалақтарын қайда қою керектігін әлі ешкім білмейді.
Мен жасылдар партиясының өкілі болғандықтан, АЭС құрылысының экологиялық құрамдас бөлігі туралы да пікір айтуым керек. Атом энергетикасы парниктік газдардың ең аз шығарындыларымен көп мөлшерде электр энергиясын өндіреді. Көмір және газ электр станцияларынан айырмашылығы, атом электр станциялары энергия өндіру кезінде атмосфераға көмірқышқыл газын шығармайды. Бұл – жаһандық жылынуды азайту стратегиясындағы маңызды қадам. Қазір облыстың барлық өңірлерінде қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр. Мамандардың дәлелдерін тыңдап, атом электр станциясын салуға қарсы көптеген тұрғынның бастапқы пікірлерін өзгерткеніне куә болдық.
Меңсұлу МАЛАЕВА,
«Байтақ» жасылдар партиясы ҚОФ төрағасы