31 мая, 2025
Заңсыз ағаш кескені үшін қомақты айыппұл арқалады

Заңсыз ағаш кескені үшін қомақты айыппұл арқалады

Әулиекөл аудандық сотында «қарағай» тұқымының ағаштарын заңсыз кескені және заңсыз кесуге жәрдемдескені үшін Қ. және Ш.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта анықталғандай, өткен жылдың 9-10 маусым аралығында сотталушы Ш. Әулиекөл ауданының «Басаман» орман шаруашылығында мемлекеттік орман қорының құрамына кіретін 69, 79 м3 көлемінде «қарағай» тұқымының ағаштарын заңсыз кескен.

Ол бұл іске жеке материалдық  жағдайын байыту үшін барған. Оның тіпті ағаш кесу билеті және оған ағаш дайындау жұмыстарына құқық беретін өзге де  құжаттары болмаған.

Осылайша, 515 мың теңге көлемінде елеулі залал келтірілген. Кейіннен сотталушы К. Осы мақсатта орман мекемесінің қызметкерлерімен заңсыз ағаш кесу жұмыстарын жүргізу туралы ақшалай сыйақы үшін уағдаласып Ш.-мен алдын ала сөз байласу арқылы техниканы, жұмысшылар бригадаларын, бензин араларын тартып, мемлекеттік орман қорының құрамына кіретін 322 дана 175 м3 көлемінде «қарағай» тұқымының ағаштарын заңсыз кесіп, 1 389 000 теңге көлемінде елеулі залал келтірді.

«Сот талқылауы барысында тараптар іс жүргізу келісімін жасасуға байланысты істі келісу ісінде қарау туралы өтінішхат берді. Сотқа кінәсін мойындау туралы мәміле нысанында іс жүргізу келісімі ұсынылды. Материалдық залал сомасының толық өтелуіне байланысты азаматтық талап арыз берілмеген», – деп хабарлады Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сот шешімімен Ш.-ға 923 мың теңге көлемінде айыппұл, К.-ға 738 400 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындады. Сондай-ақ, олар бір жыл мерзімге ағаш кесу және ағаш дайындаумен айналысу құқығынан айырылды. Сот жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін жағдайлар ретінде шын жүректен өкінетіндерін ескерді. Сондай-ақ, асырауында жас балалардың болуы да қаперге алынды.

Олар ҚК 340-бабы 2-бөлігі, 28-бабы 5-бөлігі, 340-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпты деп танылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Сурет ашық ақпарат көзінен алынды

Әулиекөл ауданы