Биыл қазақ әдебиетінің классигі, облыстық “Қостанай таңы” газетінің іргетасын қаласқан жазушы Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толмақ. Осыған байланысты жыл аяғына дейін облыста бірқатар мәдени-көпшілік іс-шаралар қолға алынды.
Бүгінгі Конституция мерекесі күні даңқты жерлесіміздің ескерткіші алдында отыздан астам велошабандоз сап түзеді.
Олар Қостанай-Рудный-Әйет-Лисаков -Қостанай бағытын қамтыған 245 шақырымдық жолды бағындырмақ.
Олар аялдаған жерлерде жергілікті тұрғындармен жүздесіп, музейлерді аралайды. Сөйтіп, Б.Майлиннің мұраларымен кеңірек таныстық.
Веломарафонға қатысушылардың жас ерекшелігі әркелкі. Ең жасы он сегізде. Арасында жастары жетпісті алқымдаған кісілер де бар. Мәселен, Жұмабай Отарғалиев велошеруге қатысу үшін Ақтөбеден арнайы келген.
Қырық жыл теміржол саласында еңбек еткен ақсақал зейнеткерлікке шыққалы спортпен шұғылданып келеді.
– Мен осы марафонға қатысуға сәуір айында өтініш жаздым. Өйткені, дәл Қостанайдағыдай велоспорт федерациясы жоқ бізде. Мұның алдында да бірнеше марафонға қатысып жүрмін. Велосипедпен ел-жер аралағанды жаным сүйеді. Мұның адам денсаулығына пайдасы өте зор. Бүгінгі жарыс жолына шығатын барша спортшыларға сәттілік тілеймін, – дейді ол.
Спорт, мәдениет және туған өңірдің тарихын қамтыған бұл қоғамдық маңызы бар іс-шара қатысушылардан ерік-жігер мен табандылықты және мықты физикалық дайындықты талап етеді.
Іс-шара облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық мәдениет басқармасы мен “Қостанай велоқоғамдастығы” қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өтіп жатыр. Сондай-ақ, AMANAT партиясының облыстық филиалы, “Ауыл партиясы” РҚБ өңірлік филиалы, Б.Майлин ауданындағы “Әділет 1” ЖШС қолдау көрсетті. Әуесқой спортшыларды веломарафонға шығарып салуға арналған салтанатты жиында облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Саят Жүсіпов, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өмірлік университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, саламатты өмір салтын тынбай насихаттап жүрген Қалқаман Жақып және “Қостанай” велоқоғамдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанат Сағымбаевтар сөз алып, жиналғандарды Ата Заң күні мерекесімен құттықтап, жарыс жолына шыққандарға ақжолтай тілектерін айтты.
Ал облыстық филармония әртістері ән мен жырдан шашу шашты.
Велошабандоздар ертең Қостанайға оралады.
Әлібек Ыбырай
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков