Ұзынкөл ауданы халқының басым бөлігі ауыл шаруашылығымен күн көреді. Еңбекқор елдімекен өткен жұма да ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнін тойлады. Айтулы мереке аудандық мәдениет үйінде өтті. Оған ел атқа мінерлері мен жергілікті серіктестік, шаруа қожалық өкілдері қатысты.
Салтанатты іс-шараның шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Мейрам Сөкітбаев ашты. Ол жыл бойына жүргізілген жұмыстарға тоқталып, біршама қиындықтың болғанын тілге тиек етті.
– Биыл егін жинауға байланысты біршама қиындық кездесті. Тамыз айының аяғынан қарашаның үшінші онкүндігіне дейін созылған астық жинау науқаны кезінде ауа райының ұзаққа созылған қолайсыздығы ауырлық түсірді. Дегенмен кәнігі диханшылар қиындыққа қарамастан лайықты өнім алды. Мұның барлығы қажетті технологиялық операциялардың сақталуының арқасында жүзеге асты. Ең алдымен 285,7 мың гектар аумақтағы ылғалдың жабылды. Жалпы 191,0 мың га алқапта арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 67,0 мың га, ауруларға қарсы 30,0 мың га аумақта жүргізілген еді. Аудан шаруашылықтары 9,4 мың тонна минералды тыңайтқыш алды. Бұл облыстағы алғашқы көрсеткіш, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстың қарқыны жоғары. Бұл еңбекқор азаматтардың маңдай терінің арқасы. Олар да істеген жұмыстары үшін лайықты марапаттан құр алақан емес. Ауданда өткен іс-шара да бірқатар серіктесік басшыларына ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы табысталды. Оны Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары мемлекеттік басқармасы басшысының орынбасары Дмитрий Евстафьев табыс етті.
– Еңбек адамдарын бағалау, олардың істеген әрбір жұмысына әділ баға беру мемлекетіміздің басты талабы. Себебі ардақты есімдердің арқасында ауыл шаруашылығы айтарлықтай дамып, кешенді көрсеткіш көрсетіп отыр, – деді Дмитрий Викторович.
Ұзынкөл ауданының әкімі Азамат Аужанов жиналушы қауымды мерекемен құттықтады.
– Ауыл шаруашлығы саласы ата-бабамыздан бүгінге жалғасып келе жатқан кәсіптің бірі. Оның исі қазақтың өмірінде алар рөлі орасан. Дана халқымыз әрқашан дихан мен кәсіп иелерін ерекше құрметтеген. Оларға жоғарғы деңгейде құрмет көрсетіп, әрбір қадамдарына оң баға берген. Себебі егіншілер мен дихандар әр шаңырақта тоқшылық болуын қамтамасыз етушілер десек артық айтпағанымыз, – дейді Азамат Қанатұлы.
Сонымен қатар үлгілі еңбек еткен жұмыскерлерге облыс және аудан әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Олардың қатарында Сәбит Жанпейісов те бар. Ол бес жылдан бері «OLZHA AGRO» холдингде механизатор болып жұмыс істейді.
– Бірінші кезекте бәріне де рахмет айтқым келеді. Себебі жыл сайын еңбегімді елеп марапаттап жатады. Одан бөлек айлығымызды тұрақты түрде алып тұрамыз. Бәріне толыққанды жетеді. Жаздан күз айына дейін шөпте жұмыс істеймін. Қыс түскенде тоқта жеммен айналысамын. Осыған дейін мал бақтым. Қыста талай суықта тоңып, біраз ауыртпашылық тартқан кездер де болды. Ал мында рахмат. Бастысы, өз жұмысыңды тиянақты істесең болғаны, – дейді механизатор Сәбит.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Суреттерді түсірген автор
Ұзынкөл ауданы