Заречный кентіндегі «Арғымақ» ипподромында өтетін Астана-Түркістан (1300 км) бағыты бойынша Қостанай облысы құрамасының «Ұлы дала жорығы» Республикалық ат марафонына қатысуына орайластырылған салтанатты іс-шара өтті.
Аталған іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Р. Мұхаметқалиев қатысып, жарысқа қатысушыларға сәт сапар тіледі. Жандарбек Сейітов ақсақал ақ батасын берді.
Бұл марафонға өңірімізден тоғыз ат таңдап алынды. Қостанай облысының құрамасы биыл алғаш рет қатысады. Бәйге туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткелі отыр. Аламанда жиырма өңірден екі жүз ат бақ сынайды. Астананың іргесіндегі Қаражар ауылынан бастау алған марафон Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда облыстарын басып өтіп, киелі Түркістанға табан тірейді.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков