Жерлесіміз Ұлпан Жұмабек X Factor Kazakhstan жобасының оныншы маусымында көрермендердің көп дауысын жинап, жеңімпаз атанды.
Ұлпан Әулиекөл ауданындағы Қазанбасы стансасының тумасы.
“Менің әнші болуым әкемнің арманы еді. Үнемі: “Сені үлкен сахнада көргім келеді, неге байқауларға бармайсың?” деп айтып отыратын. Неге екенін білмеймін, мектеп бітіргесін басқа жолды таңдадым. Биологияны негізгі пән ретінде алып, малдәрігерлік факультетінде оқып шықтым. Мал шаруашылығы өнімдерін өндірудің технологиясы мамандығымен Қостанайдпғы ұлттық сараптама орталығына жұмысқа кірдім. Биология-химия мамандығы бойынша да екінші дипломымды алдым. Университетте оқып жүргенімде арасында өлең айтқаным болмаса, өнерден алыстап кеткен едім. Осы байқау өнерге деген екінші тынысымды ашты”, – деген еді X Factor Kazakhstan жобасының жеңімпазы өткен жолғы сұқбатында.
Иә, Ұлпанның тәлімгері Ділназ Ахмадиева шәкіртінің өнерге деген құштарлығын одан сайын оята білді. Киелі сахнаға кең тынысты әндерді алып шығуға кеңес берді.
Ұлпан шешуші концертте “Құсни Қорланды” жеке дауыста, қазақ батыры жайлы әнді Нұргүл Нұғымановамен шырқады. Нәтижесінде дауыс берушілердің 35,34 пайызы Ұлпан Жұмабектің өнерін үздік деп бағалады.