Қостанайда ұлағатты ұстазды еске алу кеші өтті

Қостанайда ұлағатты ұстазды еске алу кеші өтті

Масғұт Шалабаев – бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған педагог, ақын, публицист, өлкетанушы, қоғам қайраткері. Аталған тұлғаның 90 жылдық мерейтойына орай тағылымды кеш өтті. Қостанай өңірінде Масғұт Әлімжанұлының құрметіне шахмат турнирін өткізетін білім ордалары баршылық. Ғибратты ғұмыр иесінің туғанына  90 жыл толуына орай кеш өтіп, тұлғаны ұрпақтары еске алды. Ыбырай Алтынсарин Қостанай облыстық мемориалдық мұражайындағы басқосуға әріптестері, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, шәкірттері қатысты.

Кеш шымылдығын Қостанай педогогикалық коледжінің студенттері Масғұт Әлімжанұлының өлеңдерімен ашып,  музыка мектебінің шәкірттерінің түрлі аспатардағы  сазды әуендеріне ұласты.  Тұлға жайлы деректі бейнематериалдар көрсетілді.

«Ұлы адам достықта адалдықты басты талап деп таниды. Масғұттың өмірінің философиясын мәңгілік достыққа  балаймын. Ол өз халқын ерекше жақсы көретін, ең бірінші қазақ тілінен сабақ берген ұстаздардың алдыңғы қатарынан еді», – деп тебіренді  Қазақстан педогогикалық ғылымдар академиясының мүшесі, «Құрмет белгісі» медалінің иегері Светлана Мачнева.

​            Ол – қоғамда қандай болса, отбасында да жан-жағындағыларға үлгі өнеге көрсете білген жан. Жұбайы Райхан Хайдарқызы екеуі төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының тәрбиелі, оқуда озат, еңбексүйгіш болып өсуі – әке тәлімінің жемісі деп білді.Баласы Абайды қайда жүрсе де жанынан бір елі тастамайтын.

«Өзім  жетінші сыныптан бастап әкемнің жанында шопыр бала болдым. Кіммен кездесті, кімдермен әңгімелесті бәрін көріп байқап жүретінмін. Осы кешке әкемді құрметтеп келген кісілерге көп рақмет. Әкеміз әрдайым биіктен көрінетін, бойында бірнеше  талант дарыған кісі еді.  Әрқашан халықты ойлап жүруші еді. Ыбырай ұстазды әрқашан пір тұтып өтті. Осы Ыбырай  Алтынсарин музейіне келген  сайын өзімен гүл шоқтарын ала келетін», – деп еске алады ұлы Абай.

Іс-шараға қызы Айгүл Шалабаева да келіп, өмірден көргені мен түйгені мол, білімді, талантты тұлға жайлы естелігін көпшілікпен бөлісті.

 

​​​​​​​​                                                                                     Гүлназ ТАҢАТҚАН

​​​​​​​​                                                                                     А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ студенті

Жаңалықтармен бөлісу