Үздік ауыл мектебі

Үздік ауыл мектебі

Аманкелді ауданына қарасты Үрпек ауылындағы Жаңаауыл жалпы білім беретін мектеп республика бойынша үздік нәтиже көрсеткен ауыл мектебі атанды.

2022 жылғы Білім жетістіктерінің мониторингі бойынша ауыл мектептері арасында Қостанай облысы, Аманкелді ауданы Жаңаауыл жалпы білім беретін мектебінің білім алушылары жақсы нәтиже көрсеткендердің қатарынан көрінді. Аталған мектептің контингенті 247 оқушыны құрайды, мектепте 47 педагог қызмет етеді.

Биыл Жаңаауыл мектебі «Ауыл – ел бесгі» бағдарламасы аясында жөнделмек. Оған республикалық бюджеттен 400 млн астам қаражат бөлінуде. Одан бөлек үстіміздегі жылы мектеп ауласынан шағын футбол алаңы бой көтерген. Бұл да оқушылардың толыққанды білім алуына жағдай болмақ. Шалғайдағы ауылдың жағдайы жақсарып, көшелері абатталып, асфальт төселіп, жарық шамдар орнатылып, жеке үйлер салынуда. Бүгінде Үрпекте 1500 аса тұрғын бар.

Педагогтердің сапалық құрамы жақсы. Мектеп тек қазақ тілінде білім береді.Өткен аптада осы Жаңаауыл мектебінің ұжымымен зум арықылы байланысқа шыққан Аманкелді білім беру бөлімінің басшысы Мұрат Дихамбаев: –Үрпек ауылындағы білім ошағы үздіктердің қатарында болуы ұстаздардың жемісі. Мұғалімдердің сабақ өткізу әдіс-тәсілдерін тыңдадым. Былтырғы оқу жылындағы 4, 9 сынып оқушылары туралы да сұрадым. Біріншіден, ұстаздар қауымы мықты. Алдағы уақытта ұстаздардың толыққанды жұмысына бар жағдай жасалындаы. Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында мектеп жөндеуден өтпек. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті атынан Жаңаауыл жалпы білім беретін мектебінің мұғалімдеріне алғыс білдірдім, – дейді ол.

Осы үздіктер қатарынан көрінуге Салтанат Қойшығұлова, Салтанат Күлбабенова, Ләззат Жөкешова, Айсұлу Рахметова, Ақтоты Сарина, Айнұр Смағұлова, Мирамкүл Тасқалиева, Боранбай Арыстанов, Гүлмира Күшекова, Гүлнар Текебаева сияқты ұстаздар ұжымда жоғары нәтиже көрсетуге септігін тигізіп, біліктілігі мен тәжірибесі бірден көрінген. Сонымен қатар, мектеп басшылығының оқу-тәрбие процесі мен мұғалімнің еңбегін жүйелі зерделеу арқылы мектепішілік бақылаудағы жұмыстарына лайықты мән берілгенін де айта кетуге болады.

Қазіргі таңда орта білім беру саласында қалалық және ауылдық мектептер арасында айтарлықтай айырма бар екені мәлім. Бірақ былтырғы ББЖМ қорытындысы бойынша кейбір аймақтардың ауыл мектептері қала мектептерімен салыстырғанда әлдеқайда жақсы нәтиже көрсеткен.

Айбек Таңатбаев.

Аманкелді ауданы.

Жаңалықтармен бөлісу