Үйде – бала, түзде – бәле

Үйде – бала, түзде – бәле

Кәмелет жасына толмастан түнімен көше кезетін жеткіншектер баршылық. Олар жас шыбық тәрізді, қалай исең солай бой түзейді. Ең алдымен олардың тәртібіне ата-ана жауапты. Соңғы 18 күн ішіндегі дерекке сүйенсек, тұрмысы төмен 26 отбасы және кәмелетке толмаған 22 бала тіркелген. Бұндай дерек “Түнгі қаладағы балалар” атты республикалық жедел алдын алу шарасы барысында анықталып отыр.

Қостанай полиция басқармасында қала әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов, Полиция басқармасының бастығы Болат Иманов және балалардың құқықтары мен қорғалуы жөнінде уәкіл Арайлым Аманқұлованың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Кездесуде отбасындағы қолайсыздықты анықтау мәселесі талқыланды. Кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы мен құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған іс-шараларды өткізу барысы қаралды.

Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуі керек екенін айтты.

– Балалардың амандығына ең алдымен ата-ана жауапты. Біз өз дәргейімізде тиісті жұмыстарды атқарып отырамыз. Жасы жетпестен түнімен көше кезетін жеткіншектерге жауапты өкілдермен әңгімелесу керек. Әкімдік тарапынан іс-шара өткеретін ғимарат тауып беруге дайынбыз. Тек бағыт-бағдарын анықтап алу қажет. Ата-анамен кездесуді қатып қалған форматта өткізбей, керісінше бірлесіп жұмыс істеуге шақыру керек. Қажет болса психолог мамандарды тартамыз, – деді Мәжит Шүленов.ъ

Балалардың құқықтары мен қорғалуы жөнінде уәкіл Арайлым Аманқұлова көп ата-ана баласымен тіл табысып сөйлеспейді деген пікірде.

– Жасөспірім қандай да бір бұзықтық жасаса, оған бір нәрсе түрткі болуы мүмкін. Бұл жерде тек бала кінәлі деген сөз емес. Мүмкін оның отбасында қандай да бір оқыс жағдай болған шығар немесе басқа дүние. Соның салдарынан бала өзін-өзі басқара алмай қалған болуы мүмкін. Соны анықтап көру керек. Өзім де ата-анамын. Көп ата-аналар балаларымен емен жарқын сөйлеспейді. Бала әке, шешенің жақындығы зәру болғандықтан шалыс қадамдарға баруы мүмкін, – дейді Арайлым Аманқұлова.

Қалалық Полиция басқармасының басшысы Болат Иманов рейдтік іс-шаралар өз алдына, қоғамдық ұйымдардың өкілдері де мәселені шешуге атсалысқаны жақсы көрсеткішке қол жеткізетінін айтады.

– Көрсеткішті өздеріңіз біліп отырсыздар. Түн кезетін балалар жоқ емес, бар. Олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бірақ, жұмыс онымен біткен жоқ. Ары қарай тереңдетіп, ата-аналармен тіл табысу керек. Бәріміз де бала өсіріп отырмыз. Осы мәселеге қоғамдық ұйым өкілдері араласқаны дұрыс болды. Сіздердің ұсыныстарыңыз ескеріледі. Түсіндіру жұмыстарын ең алдымен ата-анадан бастап жүргізсек, баласына жеткізеді деп ойлаймыз, – деді Болат Иманов.

Жиынға қатысушылар шілде айының соңына дейін ата-аналармен еркін форматта, психолог мамандардың қатысуымен кездесу ұйымдастыруға уағдаласты.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу