Тылсым: Кірдің суы

Тылсым: Кірдің суы

Өз басым ырым-наным дегенге қатты сенетін адаммын. Сондықтан да болар, тылсым дүниелерге толы әңгімелерді көп оқимын. “Қостанай таңы” газетінің “Тылсым” бетін де қалдырмаймын. Тіпті, асыға күтемін десем де болады.

Осы беттен бір жылдары “кірдің суы” туралы жазылған мақаланы оқып едім. Сол туралы, яғни бала күнімде бастан өткен бір оқиғаны жазамын деп жүрдім де, кейінге қалып қойған еді. Соның енді сәті түскендей…

Шынында да, кірдің суын баспау керек екен. Бала күнімізде анам кірдің суын адам аяғы баспайтын жерге төгіңдер деп үнемі ескертіп отыратын. Солай қалыптасып өстік те. Анамның айтуынша, кірдің суы – жынның суы екен. Тазалық болмағандықтан ол жерді жын-шайтандар мекен ететін көрінеді. Кездейсоқ па, әл де расымен де солай болды ма, он екі жасымда кірдің суын басып, қатты ауырып, тіпті екі айдай аяғымды баса алмай төсек тартып жатып қалған едім…

Жаз мезгілі, кешке қарай ауыл адамдары өрістен малдарын күтіп алып, мәре-сәре болып жатқан уақыт. Мен құрбым үйіне қарай тарттым. Екеуміз үй маңында ойнап жүргенбіз, кенет құрбымның апасы ауладан шыға бере кірдің суын төге салды. Ойымызда ештеңе жоқ. Күн қарайып барады, үйге қайтатын уақыт болды. Мен үйге асығып бара жатып аңдамай манағы суды басып өттім. Кенет көз алдыма үсті-басын түк басқан, аппақ бейне елестеп, қорыққанымнан екі алақаныммен көзімді басып, “шайтан” деп шыңғырып жіберіппін. Аула маңында жүрген құрбымның анасы атып шығып, маған қарай жүгірді. Ақ қағаздай қуарып, тілім күрмеліп, сөйлеуге шамам келмей тұрған мені жетектеп үйге жеткізіп тастады.  Сол түні дене қызуым көтеріліп, айғайлап, аласұрып, тек төбеге тесіліп қарай беріппін. Түнімейін шошып, көз ілмей шыққан мені ертесіне үйдегілер ауруханаға жеткізді. Солай бір ай бойы аурухана төсегінде жаттым. Ешқандай ем қонбады, құр сүлдерім қалған мені ата-анам үйге алып кетті. Айдан асты, менің жазылатын түрім жоқ, содан үйдегілер көрші ауылдағы емші апайға апарды. Ол кісі бірден “қыздарың кірдің суын басып кеткен, содан қатты шошынған, 13 күн дем салып емдеймін, құлан таза айығып кетеді, уайымдамаңыздар” депті. Қызық, тура 13 күннен кейін мен 13 мүшел жасқа толады екенмін. Алланың құдіреті, әлгі апаның емі шипа болып, мен он үш күннің ішінде тәуір болып кеттім. Бірақ, бір айдай әлгі сұлба көз алдымнан кетпей жүрді. Кейін үйдегілер мені тағы да емші апаға апарып, дем салдыртты. Содан кейін, елес сап тыйылды. Бұл оқиғаны, әлгі кірдің суы туралы тылсым дүниені балаларыма да, жүрген жерімде де айтып жүремін. Сондықтан, әсіресе ауылда тұратын қыз-келіншектерге айтарым, кірдің суын аяқ баспайтын жерге төгу керек. Бұрынғының кісілері ырым-нанымдарды бекерден бекерге айтпаған ғой.

Жанар БЕКБОЛАТ

Қостанай қаласы

Пердені жауып жүр

Өткен шақ. Біз сапарлап Ақбаянның үйіне келген сәт. Жаңылмасам, кеш болуы керек. Күн еңкейіп, төменге қарай бұғып бара жатқан бейнені еріксіз көзге келтіретін. Ақкөңіл қалпымен Ақбаян күтіп алуда. Қыз кезіндегі әдеті әлі қалмаған. Сөйлей жүріп жұмысты тындырып, тындыра жүріп сөйлейтін. Сөйлеу дегеннен шығады. Ақбаянның кейбір оқиғалары бар болатын. Терезені жауып, жарық жалғанды, алтын күнді, нұрлы айды көрсетуді үйдегілерге арман ететін. Әдетінен танбаған. Арада жиырма жыл өтсе де сол күйі, сол әдеті. “Неге” деп сұрай қалсаң тұшымды жауап бермек емес. Ал өзінің назары ауып, көңілі бұрылса оны тоқтата алмайсың. Сол күні көңілі ауды, ішкі сырын баян етті. “Ол кезде жас болатынмын. Оқуды жаңа бітіріп, ауылға мұғалім болып келген сәт.


Жаман қара Сәпекеңді (күйеуі Сағитты солай атайды) менсіне қоймайтын, кісі киік кезім. Үйде отырған едім. Кешке таман ақшам уақыты, күн алабұртып, талмаусырап ұясына батып барады. Ойымда ештеңе жоқ, теледидардың алдына жайғасқанмын. Кенет, көзім терезеге түсті. Ақшыл жүзді, адамға аса қатты келе қоймайтын бірдеңе маған тесіле қарап тұр. Көзін тұтас ақ жапқан. Алғашқы да линза (көзге тағатын) таққан қыздар болар деп мән бермедім. Бір кезде әлгі аппақ мақұлық дәл қасымда отырғанын байқадым. Кенет тілім байланды да қалды. Әлгі қасымда отырған бейне зарлы әрі аярлы үнмен:

“Терезенің пердесін жауып жүр” деп қарлығыңқы үнмен тіл қатты. Тұра бергенім сол еді, қолымды қолымен сипап өтті. Тап-тастай салқын қол. Ыржалақтай күліп: “қорықпа, сен де мен барған жерге барасың” деді де ғайып болды. Одан кейін оны көрген емеспін. Жиырма жыл бойы терезенің пердесін мұқият жауып келемін.

*  *  *

Осы шақ. Біз сапарлап Ақбаянның үйіне келдік. Аңдасам, кеш болуы кәдік. Күн төменшіктеп, ұясына енуде. Бізді баяғыдай Ақбаян ақкөңіл қалпымен күтіп алған жоқ. Себебі, ол біз келген үйде жоқ-тын. Келместің кемесіне мінгеніне 10 жылдан асқан. Осыдан отыз жыл бұрынғы оқиға еріксіз көзге келеді. Бұл жолы бізді Сәпекең күтіп алды. Ол Құдай тіл бермесе сөйлеймейтін адам. Бірақ, бұл жолы ашыла сөйледі.

– Өздерің білесіңдер, Ақбаян соңғы бес жылда қатты жүдеді. Меңдеген дерт, қу сүйек етті. Қолдан келер дәрмен жоқ. Апармаған жер, баспаған  тау, аттамаған табалдырық қалмады. Ақыр аяғы қарашаңыраққа қайта оралдық. Содан осы жерде көз жұмды. Қайтарынан бір күн бұрын “терезені ашыңдар” деп бұйрық етті. “Ол келеді, мен оған келісімімді беремін” деген сөзді ашық айтты. Біз не нәрсе деп мән бермедік. Бірақ ол шынымен келді. Түнде гүбір-гүбір әңгіме естілді… Келесі күні таңертең ол мәңгілік мекеніне аттанды, – дейді Сәпекең.

Б.Мейрамұлы

Аманкелді ауданы.

 

Су иесі – Сүлеймен

Әжеміз кішкентайымызда «Түнде суды ашық қалдырма», «Түнде суға түспе» деп отыратын. Не деген бітпейтін тыйым деуші едік. Сөйтсек оның астары тереңде жатыр екен ғой. Жынның басшысы Самандун Сүлейменге мың жүйрік тұлпар ұстап беріпті дейді. Сүлеймен оның қызметіне риза болып:

– Не сұрайсың? – дейді. Самандун:

– Өзен-көлді ежелден мекен етуші едік. Оны бізден тартып алып, оны адам ұрпағына бердің. Бізге мекенімізді қайтар! – деп сұрайды. Сүлеймен:

– Дегенің болсын. Бірақ түнде пайдаланасың. Күндіз адам баласының игілігінде, – дейді.

Содан жын-жыбыр түнде өзен-көлді аралап, сайран құрады екен. Бір күні бір жігіт үйінде ішерге суы болмай, түнде өзенге барады. Барса, жындар су бермейді. Жігіт Сүлейменнің сарайына барып, болған жайды айтып береді. Сүлеймен жігітке бір дұға жазып береді де, Самандунға сәлем айтады:

– Суға барғанда мынаны оқы, Самандуннің есіне сал, – дейді. Жігіт суға барып дұғаны оқиды. Дұғасы мынадай екен: «Су иесі – Сүлеймен, су алуға рұқсат ет!». Оны естігенде Самандуннің барлық жынға:

– Бұл жердің шын егесі – Сүлеймен патша. Су беріңдер! – дейді.

Содан бастап адамдар түнде су алғысы келсе: «Су иесі – Сүлеймен, су алуға рұқсат ет!» – деп сұрайды екен.

Көрші ауылда Серік деген жігіт тұрды. Күні-түні көше кезіп жүретін. Сөйлемейді. Адамға тіке қарамайды. Біреулер «жын ұрған» десе, біреуі «су перісі қағып кеткен ғой» дегенге саяды. Әйтеуір, ауыл іші у-шу. «Түнде суға барма, айдың жарығы түскен суды ішпе» деп әжелеріміз тыйып отыратын. Оны Серік елемесе керек. Кеш қайта ауыл шетіндегі өзен жиегіне су алуға барыпты. Сол кеткеннен ұзақ уақытқа оралмайды. Ауыл болып іздеді. Таппады. Арада бір апта өткен соң көрші Жұмағазы ата тауып алыпты. Бірақ, жағдайы әлгіндегідей. «Не болды? Не көрді?» деген сауалдар жауапсыз қалған.

Оқиға былай болған. Қонаққа кетерде Серікке әжесі: «Ауладағы шелек-бөшкелерге су тасып, толтырып қой!» – дейді. Жігіт онысын ұмытып кетсе керек. Әжесі келмей су тасуға бекінеді. Бірақ, кеш те батып үлгерген екен. Содан өзенге барады. Шелегін енді батыра бергенде су бетінен әдемі қыздың бейнесін көреді. Аң-таң болып біраз отырады. Құлағынан «суға түс» деп шақырған нәзік дауыс естіледі. Серік ес-түссіз қолын беріп, ортаға қарай жүзеді. Одан соң не болғанын білмейді. Бірақ, есін жиғанда қорымдардың басын паналап жүр екен. Көрген көрші ата ертіп, үйіне әкеледі. Молдаға оқытпас бұрын күндіз де, түнде де ұйықтай алмай сандырақтаған екен. Иә, бұл жігітті су перісі қаққан. Сенбейін десең, айналада біз білмейтін қаншама тылсым дүниелер орын алуда.

Қазақ арасында «түнде суға барма, суға түспе» деген ырым осыдан қалыпты. Ал, дастарқанды жинамай, ыдысты жумай сол күйінше қалдыруға болмайды. «Пәлекеттер аралайды, ас ішеді» дейтін үлкендер. Тамақтың да бетін ашық қалдырмауды қадағалап отыратын.

 

Ш.ЖАҚСЫЛЫҚ

Жаңалықтармен бөлісу