Тұздыкөл туристік, емдік орынға айналса…

Тұздыкөл туристік, емдік орынға айналса…

Туризм туралы әңгіме қозғалса Түркия еске түседі. Әлемнің өзге де демалыс орындары ойға оралады. Алайда атамекеніміз – Қазақстанның әр өңірінде туризмге сұранып тұрған жерлер жетіп артылады. Осы ғылыми жобаны қолыма алғаннан соң, киелі Торғай өлкесіне барып қайттым. Нағыз туризмге сұранып тұрған өлке екен, шіркін…

Менің сөз еткелі отырғаным Торғай өңірдегі қаратұз көлі жайлы болмақ. Туризмге сұранып тұрған осы жерлерді тарқата жазып оқырманға ұсынуды жөн көрім.

Көл Жанкелдин ауданы орталығынан 100 шақырымдай жерде орналасқан. Көлдің аумағы 10 шаршы шақырым. Тереңдігі 40 метр. Тұздың болжанған қоры – 40 млн тоннадай.

Қаратұз – тұзды көл шөгінділеріне тиесілі, беткі жазықтығы тұнбатұз (новосадка) қабатшасымен көмкеріліп жататын ас тұзы қабаты, әдетте жымдасып үлгермеген лай аралас тұз кристалдары жиынтығынан тұрады. Тұздың сапасы жоғары, емдік қасиеті бар. Тұзды көлдің суы құяң, тіс, ангина, тері, бел, буын түрлі жара ауруларына ем. Кейбір келушілер тұздың ауасымен дем алып, ауызмұрынды шаю жолы арқылы COVID-19 вирусын да жояды. Себебі, иондалған ауаның әсерінен ауа қоздырғыш микроптар болмайды. Судың құрамында адам ағзасына оң әсер ететін магний, темір, т.б. химиялық элементтер көптеп кездеседі. Ем қабылдау уақыты 2-3 күн.

Ал, созылмалы аурулары, қан қысымы жоғары кісілерге мұқият болғаны дұрыс. Осы тұзды көлдің емдік қасиетінен шипа іздеп еліміздің барлық облыстарынан бөлек көршілес Ресей мемлекетінен де емделуге келіп жатыр. Тұзды су бойыңыздағы көп ауру-
ға шипа. Адамның бойы жеңілдеп, дертінен айығып, демалып қалады. Бұған дәлел ретінде Торғайдың қасиетті топырағын басып емдік қасиеті бар суынан ем қабылдаған кісілермен, ауыл тұрғындармен жолығып әңгімелестім. Жергілікті халықтың айтуынша, тіпті ол жерге әлі күнге дейін жараланған аң-құстар, табиғаттағы экологиялық факторлардың кесірінен пайда болған жараларын кетіру үшін ақбөкен, киіктер осы тұзға келіп түседі деседі.

– Қаратұз жер қойнауынан түзіліп шығады. Бар қасиеті бойында. Шипалы. Дүкендегі тұздар сұрыпталады, йодталады, бүйрекке жиналады. Аузыңа салсаң қуырып тастайды. Ал, қара тұздың қасиеті – ашырқанбайсың. Шөліңді басып, тоқ жүресің, – дейді Ақкөл ауылының тұрғыны 87 жастағы Зибагүл әже. Қазіргі таңда дүкен сөрелерінде ас тұзы болғанымен, қайнатылған құртқа, соғым етін тұздағанда қара тұзды қолданатынын да айтты. Кеңес одағы кезінде осы тұзда құрамында йодтың жеткілікті екені дәлелденген. Сондықтан да, қолданар алдында әбден жуып, кептіріп, қол диірменнен өткізіп, ас тұзы ретінде ет тұздауда, тамаққа пайдалануға қолдану кеңінен таралған. Дәмі кәдімгі Арал тұзынан еш айырмашылығы жоқ. Өзім ғылыми жобаға дайындық барысында Қаратұз көлінен әкелген тұзды жуып, кептіріп, қол диірменнен өткізіп тамаққа пайдаландық. Тамағым ісіп, ангинам шығып ауырғанда әжем ем болсын деп тамағымды шайғызды.Өте жақсы әсер етті. Арал тұзы мен Қаратұз көлінен алынған тұздың айырмашылығының жоқтығын анықтау мақсатымен тәжірибе жасадым. Нәтижесінде Арал тұзы мен Қаратұз көлінің тұзы қосылған судағы жұмыртқалардың тұздың қысымы әсерінен жоғары көтерілгенін байқауға болады. Демек, екі тұздың да құрамында йодтың бар екенін көреміз.

Күні кеше көл «Айғожа Қаратұзы» тарихи атаумен аталған. Ертеректе алғашқы болып Айғожа деген кісі осы жерден тұзды шаруашылық мақсатқа, тұрмыста пайдалануға, малға беруге және басқа да мұқтажы үшін өндірген. Тұзшылар әр малшыға бір-бір машинадан аударып береді екен. Малшы оны қыс бойы малдың алдына қоятын болған. Тіпті кезінде 19 ғасырда мұндағы тұз Ресейдегі патша сарайларына тұрақты түрде тасымалданып тұрған көрінеді. Қостанайдан келген кәсіпкер Қаратұздың басында 5 жылдай тұз өндіріпті. Бірақ, жер шалғай, тұз ауыр, логистика қымбат болғандықтан өндіріс орны жабылып қалған. 2007 жылға дейін тұз өндірілген. Қазір тоқтап тұр. Айдын болып жатқан тұз көлі көз қарықтырады. Көлдің беті жаз мезгілінде қыстағы айдын секілді. Көлдің бетінде ойықтар көп. Көпшілік үнемі сол ойық оқпандарға шомылады. Кәдімгі табиғи ванна секілді. Табиғаттың тылсым сыры ойықтар да үнемі ауысып отырады. Бірі бітелсе, екіншісі ашылады. Қалың тұзы сіресіп жатады, тіпті тұздың бетіне тоқтаған автокөліктердің ауыр салмақтарын көтереді. Тұз суына адам батпайды, еріксіз қалқып кетеді. Себебі, қысым өте жоғары. Табиғаттың осы бір тылсым сайын жергілікті тұрғындар «дала дәрігері» деп те атап кеткен.

Ал, өткен жылдары елімізде енгізілген карантин режиміне байланысты шет елге жазғы демалысқа бара алмай қалған отбасылар мен ауруларына ем іздеген жандар үшін Қаратұздың жағасы таптырмас жер болды. Дегенмен де, келушілерге қолайлы жағдай жасалмаған, шипалы жер ел игілігіне айналмай отыр. Автокөлік жолдарының қолайсыздығы, жатын жер, сатылымда сусындар мен тамақтардың, демалатын көлеңкелі орындардың мүлде жоқтығына реніш білдіретіндер көп.

Былайша айтқанда, Торғай даласының осындай әлі де ашылмаған қыр-сыры көп Қаратұз көлі иен даладағы жабайы туризм нысанына айналған. Иесіз орынның еліміздің елордасы Астана қаласынан небәрі 100 шақырым жерде орналасқан Көбейтұз көлінің күйін кешуі де әбден мүмкін. Себебі, тылсымға толы, барлық тері, буын ауруларына ем іздеп баруға болатын осынау Қаратұздың жағасында тіптен қоқыстарға арналған контейнерлер, дәретханалар, шайынатын орын да мүлде жоқ. Келушілерге қолайлы жағдай болмағандықтан, ем алушылар бір күннен артық бола алмайды. Сол себепті осы жерден маусымдық орын ашу жақсы табыс көзіне айналады деп ойлаймын.

Мен жетекшімнің көмегімен осындай есептеулер жүргізіп көрдім. Осындай тың дүние ұсынумен болашаққа туризмдік жол салуға мүмкіндік бар. Әлеуметтік жағдайы төмен жұрт азды-көпті қаржы тауып, өз бетімен күнін көре алар еді.

Бір күннің емес, алдағы күннің еншісіндегі жоспарлар болғанымен келушілерге жағдай жасалса, ем алушылардың қатары артатыны анық. Қазіргі таңда игерілмей жатқан тұзды көлдің маңынан шипажай ашу қажет деп ойлаймын.

Аяулым АРҒЫНҒАЗЫ,

Аманкелді жалпы білім беретін мектебінің

4-сынып оқушысы.

Ғылыми жетекшісі Қарлығаш Әуезбекова.

Жаңалықтармен бөлісу