2023 жылдың 20 сәуірінде Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне түзетулерге қол қойған болатын. Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Бауыржан Әбенов және жергілікті полиция басқармасының бастығы Жеңіс Бисембаев отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар үшін жазаның қалай өзгеретіні туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте айтып берді.
Жаңа түзетулерге сәйкес, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер үшін қазір 5 тәулікке, екінші мәрте бұзғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу көзделген. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірген айыпкер 15 тәулікке, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 25 тәулікке қамауға алынуы мүмкін. Ұрып-соғу әрекетін жасаған күдікті 10 тәулікке, бұл дерек 1 жыл ішінде қайталанса, 20 тәулікке қамалады.
– Бұл ретте ӘҚБтК-нің 64-бабынан отбасылық-тұрмыстық құқықтық қатынастар саласындағы тараптарды татуластыру үшін әкімшілік жауаптылықтан босату мүмкіндігі алынып тасталды. Сонымен қатар, қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілуде, – деп атап өтті Бауыржан Әбенов.
Ол ішкі істер органы шығарған қорғау нұсқамасын бұзғандырды 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу көзделгенін түсіндірді. Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқару құжатын орындамағаны үшін 669-бап бойынша жауапкершілік күшейтіледі.
Құқық бұзушының мінез-құлқына сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу белгіленді. Осы уақытқа дейін 5 АЕК (17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе 7 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу қолданылды. Осы құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталағаны үшін 20 тәулікке қамауға алынады.
Жеңіс Бисембаев қостанайлық полицейлер отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында алдын алу шараларының кешенін қабылдап жатқанын атап өтті. Отбасылық құқық бұзушылықтар жасаған 850-ден астам “отбасылық дебошир” жауапқа тартылған.
– Енгізілген түзетулер полицейлерге жәбірленуші тараптың өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғауға мүмкіндік береді. Соңғы құқықтық бағалауды сот береді. Сондай-ақ, тараптарды татуластыруға сотта бір рет қана мүмкіндік беріледі, – деп атап өтті Жеңіс Бисембаев.
Жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық жанжалдар бөлігінде барлығы 4 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 30% -ға жуығы зардап шеккен тараптың өтініші бойынша тоқтатылған. Бұл жағдайда учаскелік полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қарсы қорғаныс нұсқамасын береді.