Қала әкімі Әмірхан Асанов «АМАНАТ» партиясының Арқалық қалалық филиалында тұрғындардың талап-тілектерін, өтініштерін тыңдап, қоғамдық қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдауға тұрғындардан бөлек жауапты мекеме басшылары, әкімдіктің қала іргесіндегі кенттер бойынша өкілдері қатысты. Қабылдау барысында қала әкімінен көмек сұрай келген әрбір келушінің көкейлерінде жүрген тұрмыстық мәселелері жіті қаралып, белгіленген заң шеңберінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қала әкімінен көмек сұрай келген тұрғындардың негізгі көтерген мәселелері баспанаға мұқтаждықтары. Мысалы, қоғамдық қабылдауға жазылған қала тұрғыны Қ. Қадірханова 2019 жылдан бері «Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, 1-2 топ мүгедегі»санатында №396 болып кезекке қойылған. Қазіргі уақытта №286 болып кезекте тұр.
Ал, Новый кенті, Кейкі батыр көшесі №32 үй тұрғыны Н.Нигмашева тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша №24 болып кезекте тұр. Кезекке қойылған уақыты 2019 жылдың 4 қыркүйегі.
Сондай-ақ, әкімге отбасылық жағдайын айта келген Ш.Тұрсынқызының баласы Ғ.Сүндетов тұрғын үй кезегінде «Әлеуметтік әлсіз топтар» санатында 2013 жылдың тамыз айынан бері №171 болып кезегін күтуде.
Қала тұрғыны З.Нұрымованың басындағы да осындай жағдай. Қызы Г.Болатқызы «Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, 1-2 топ мүгедегі» тізімінде 2017 жылдың желтоқсан айынан №202 болып кезекке қойылған.
Мұндай фактілер көп. Қалада тұрғын үй кезегі азаятындай қарқынды құрылыс салынып жатқан жоқ. Жыл сайын қатарға қосылатын бірлі-жарымды үй тұрғындардың баспана қажеттіліктерін толық шешуге қауқарсыз. Сондықтан, баспана сұрай келген тұрғындарға қанша болса да кезегін күтуге тура келеді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы