Түсіндіру – алдын алу

Түсіндіру – алдын алу

Қалаға енді ғана келіп, қызық іздеген бозбалалардың ішінде есірткі сатушылардың құрығына тез ілігіп жататындары бар. Осы жағдайдың алдын алу үшін бірінші курстың студенттеріне нашақорлықтың зиянын барынша насихаттау маңызды.

Қостанай станциясындағы ЖПБ ЕБАжТ аға жедел уәкілі Ришат Әбенов қазір осы бағытта түсіндіру жұмыстарына мән беріліп отырғанын айтады.

«2023 -2025 жылдарға арналған “Нашақорлыққа қарсы күрестің кешенді жоспарын орындау” және “Назар аударыңыз, балалар” іс-шарасы аясында Қостанай облысында нашақорлықтың алдын алу жөнінде студенттермен және жасөспірімдермен жұмыс жалғасып жатыр. Мысалы, өңір орталығында Қостанай станциясындағы ЖПб есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тобы мен әкімшілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері гуманитарлық колледждің бірінші, екінші курс студенттерімен бірлесіп, “Синтетикалық есірткілердің зияны және оларды қолданудың салдары туралы”, “Есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік” және “Теміржол аса қауіпті аймақ” тақырыбын талқыладық, түсіндірдік. Бұл іс-шараның мақсаты – студенттердің назарын есірткі қаупіне аудару және оларды қолданудың салдары туралы хабардар ету. Осындай кездесулер барысында саламатты өмір салтын қалыптастыруға көңіл бөлінеді», – дейді Р.Әбенов

Кездесуге кәмелетке толмағандар жөніндегі аға учаскелік инспектор полиция майоры Эльмира Байтасова мен Қостанай станциясындағы ЖПБ ЕБАжТ аға инспектор полиция майоры Элира Нарбасова қатысып, есірткінің заңсыз айналымы саласындағы қылмыстық заңнаманың жай-жапсарын түсіндірді. Синтетикалық есірткінің жаңа түрлері, олардың зияны және есірткі қылмысы мен құқық бұзушылық үшін жауапкершілік туралы да айтылмай қалған жоқ. Сондай-ақ түсіндірмеде теміржол аумағында балалар жарақатының, жазатайым оқиғалардың, келеңсіздіктің алдын алу және жолын кесу жолдары сөз болды.

Кәмелетке толмағандар арасында жолаушылар және электр пойыздарында әйнекті сындыру, теміржол жолдарына бөгде заттарды салу, шұғыл тежеу, қаңғыбастық пен түнгі уақытта көше кезу сияқты ұсақ бұзақылықтар да болмай тұрмайды. Осыған байланысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескерту арқылы оларды дұрыс жүріп-тұруға баулу маңызды деп санайды полиция қызметкерлері.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Жаңалықтармен бөлісу