Қостанайдағы жылу және су желілерінің жартысынан көбі тозған

Қостанайдағы жылу және су желілерінің жартысынан көбі тозған

Қостанайдағы жылу беру және сумен қамту желілерінің дені қанағаттанарлықсыз жағдайда. Жарты ғасырдан астам «қызмет етіп» келе жатқан құбырлар көптеп саналады. Мерзімінен бұрын тозығы жеткен учаскелер де жоқ емес. Жергілікті билік осы мәселелерді шешуді былтырдан бастап мықтап қолға алды.

Жылу-энергетика жүйесін жаңғырту жұмыстары жылдан-жылға қарқын алып келеді. Былтыр 13,3 шақырым желі жөнделген. Мұның сыртында, осы бағытта 2,3 млрд теңгеге облыс орталығындағы Абай даңғылы мен Қасымханов көшесінде, Әуежай шағын ауданы мен қала іргесіндегі Амангелді ауылында төрт инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жөндеу жұмысы бірнеше жылға созылған нысандар да өткен жылы толық жаңартылыпты.

«2018 жылдан бері мәселеге айналып келе жатқан нысандардың бірі – Әуежай шағын ауданындағы инженерлік коммуникация құрылысы аяқталды. Қостанайдағы алаңішілік желілер қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ жылу-энергетика орталығының №2 түтін құбыры 63,2 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтті», – дейді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Былтыр облыс орталығының жылумен қамту желілеріне техникалық зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде, желілердің 64,2%-ның тозығы жетіп тұрғаны анықталды. Өткен жылы осыған орай төрт инвестициялық жоба қолға алынған еді. Бірақ олар сапасыз құбырлар үлесін 1,1%-ға ғана төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғай түсу үшін тағы 12 жобаның жобалық-құндық құжаты әзірленген. Жалпы құны 8,9 млрд теңге болады делініп отыр. Биыл қалада үш қазандық күрделі жөндеуден өтпек.

«Алдағы жылу беру маусымын қауіп-ақтерсіз өткізу үшін осы жылы шешілуі тиіс бірқатар мәселе бар. Әуежай шағын ауданының жылу желілері агрессивті ортаға салынған, ал бұл құбырлардың жылдам тотығуына және 80 пайызға дейін тозуына әкеп соқтырып отыр. 2022-2023 жылғы жылу беру маусымында магистральді желілер 18 рет, былтыр үш рет жарылды», – дейді қала басшысы.

Бұл мәселені жылдам шешу үшін бірнеше кешенді шара қабылдау ұсынылып отыр. Біріншісі – 1,849 шақырымдық жылу желілерін ауыстыру. Оған шамамен 1,5 млрд теңге жұмсалуы мүмкін. Екіншісі – қазандық орналасқан ғимараттарды жөндеу және қазандық құрылғыларын сатып алу. Болжамды шығын – 500 млн теңге. Үшіншісі – Әуежай шағын ауданында қуаттылығы сағатына 34,4 Гкал болатын қосымша блок-модульді қазандық салу. Бұған 2 млрд теңге шығындалуы ықтимал.

Мұндай мәселелер сумен қамту желілерінде де бар. Қостанай қаласындағы желілердің жалпы ұзындығы 652,2 шақырым болса, оның 79%-ның тозығы жеткен. Апатты жағдайларды төмендету үшін 2025 жылға дейін бюджеттік 24 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарға алынған. Оған 18,7 млрд теңге қарастырылған. Өткен жылдан бері 3,4 млрд теңге игеріліпті. Биыл 3,4 млрд теңгеге 8 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

«2023 жылы 12 жобаның құжаты әзірленген. Алтауы мемлекеттік сараптама мақұлдауынан өтті. Қалғандары осы жылдың алғашқы тоқсанында қолымызға тиеді деп отырмыз. Осы жобалар іске асса, облыс орталығындағы көптеген көше, жекелеген кәсіпорын нысандарының сумен қамту желілері жаңармақ», – деп отыр М.Жүндібаев.

Бүгінде нөсер канализацияларын салу да зор маңызға ие болып отыр. Қаладағы мұндай нысандардың жалпы ұзындығы 96 шақырымға жетеді. Бірақ олардың басым бөлігінің сапасы сын көтермейді. Сондықтан «Қостанай-Су» МКК былтыр бірінші рет осы бағыттағы жұмыстарға кіріскен. Әуелі «көп жылдық тарихы бар» үш учаскедегі кәріз жүйелері толықтай ауыстырылған. Ұзын саны 33 учаскені қалыпқа келтіру жоспарда бар. Бұларға 1,3 млрд теңге шығындалмақ.

«Қазіргі таңда Индустриялық аймақтағы нөсер канализациясының құрылысы аяқталуға жақын қалды. Былтыр Жастар сарайынан Рабочий көшесіне дейінгі аралықтағы кәріз жүйесін қайта салу қолға алынғанын да айта кетейік. Бұл жоба жауын-шашын сайын су жиналатын Назарбаев даңғылы бойындағы мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік береді. Құрылысты биыл көктемде аяқтау көзделіп отыр», – деді М.Жүндібаев.

Жандос ЖҮСІПБЕК

 

 

Жаңалықтармен бөлісу