Торғайдың “Робинзон Крузосы”

Торғайдың “Робинзон Крузосы”

Аша – Қабырға мен Торғай өзенінің екі ортасындағы мүйіс. Жергілікті тұрғындар оны кейде “Ашаның қарасуы” деп атайды. Аудан орталығынан оңтүстік батысқа қарай, қалың қопаның арасында орналасқан. Шеген ауылынан шамамен алты-жеті шақырымдай жер. Көктемнен бастап маңайға өзен суы жайылып, мүйіспен қатынас үзіледі. Жазғытұрым балықшылар, жоқ іздеген ағайын Ашаға қайықпен қатынайды. Суы тартыла бастаған кезде трактормен, атпен кешіп өтеді. Біз барғанда қопаның ішінде тамшы су қалмаған. Иір-иір жолмен жүріп отырып, айналасы он-он бес минуттың арасында мақсатты  жерімізге жеттік. Жапан түзде жайғасқан  жалғыз үйде жасы жетпіс екідегі Владимир Новиков өмір сүреді.

Жасы егде тартса да қария ширақ көрінді. Жүріс-тұрысында мін  жоқ. Үйінің сыртын әктеп, терезелерін сырлап жатыр.  Біздің келгенімізге аса таңдана қоймады. Өйткені балық аулайтындар мұнда жиі соғады. Алғашқыда солардың бірі деп ойласа керек. Тек, алыстан арнайы іздеп келгенімізді айтқан соң, істеп жатқан шаруасын тастап, үйге бастады.

Шағын ғана  екі бөлмелі пәтердің  іші жинақы. Төргі бөлмеге  темір кереуеттер қойылған. Қасында көне шкаф, екі орындық  тұр. Ас үйдегі стол үстінде аяқ-табағы ұқыппен жиналған. Ескі транзисторды көзіміз шалды. Соны байқаған болуы керек, “Күнделікті ермегім осы. Ара-тұра тыңдаймын”, – деп үстіндегі шаңын сүртіп, антеннасын түзетіп қойды.

Менің мұнда тұрып жатқаныма бірталай уақыт болды. Әбден бауыр басып кеттім. Енді ешқайда кеткім жоқ. Дәм-тұзым таусылса, осы жерде қалармын. Құдай ғұмыр берсе,  жүре тұрамын, – деп сөз сабақтады шалың. – Бірақ, әлі күнге дейін ауырып, ем іздеп көрген жоқпын. Мені қартайтпай отырған  осында келіп-кетіп жүрген жігіттердің бір ауыз “Вовка” деген сөзі. Жасы да, жасамысы да солай атайды. Ал “Вовкаңыздың” қартаюуға бір минөт уақыты жоқ…

Владимир Иванұлы – Украинаның Луганск облысында туып-өскен. Әскерден оралған соң, 1974 жылы жұмыс іздеп, Торғай даласына келіпті. Ол кезде жиырма үш жасар жігіт кезі. Кешегі кеңшарлар таратылғанша құрылыста істеген. Малшыларға үй-жай, қора-қопсы салған. Осы жақта үйленіп, балалы болған. Айтпақшы, Владимир қарияның ұзақ жыл отасқан әйелі 2008 жылы қайтыс болды. Одан кейін Өзбекстаннан келген орыс келіншегімен бас құраған. Ол екеуі он бір жыл отасып, 2019 жылы жер қойнына тапсырыпты.   Жалғыз қызынан хабар үзгелі бірнеше жыл өткен тәрізді. Тіпті, қайда жүргенін білмейді.

Ата-анам да,  бірге туған бауырларым да болған. Қазір білмеймін. Отыз жылдан бері не қоңырау шалған жоқпын, не іздеп бармадым. Олар да менен күдер үзген шығар,-дейді терезеден сыртқа көз тігіп. – Ана бір жылдары Орынборда тұратын бір танысым  іздеп келді. Алып кетейін деп сонша қиылғанда, бармадым. Не істеймін бейтаныс ортада? Кімге керекпін? Маған осы жер ыңғайлы. Ешкімге кіріптар емеспін. Тамағым бар, жататын жерім бар. Пенсия алып отырмын. Бұдан артық жұмақтың қажеті жоқ…

Қария үйден бес жүз метр жердегі қарасудан балық аулайды, тауық өсіреді. Көкөніс  егеді. Бар ермегі осы. Зейнетақысын аларда, қажетті азық-түлігін, күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды әкеп қояды. Газ плитасы бар, тоқ кеп тұр. Үйдің сыртында шағын күн батареясы жарықты үзбейді. Даниэль Дефоның кейіпкеріне қарағанда біздің “Робинзон Крузоның” тұрмыс-тірлігі әлдеқайда озық. Жападан жалғыз қалың қопа ішінде, судың ортасында тұрады демесеңіз, ештеңеден мұқтаждық көрген кезі жоқ. Қысы-жазы балық пен тауық етін талғажау етеді. Жұмыртқасын жейді. Бақша өнімдерін де керегінше қорек етеді. Бәлкім, оның осы жасқа келгенше денсаулығына шағымданбауы, табиғи таза өнімдерді тұтынуында жатқан шығар. Таза ауа да жанға дауа.  Күні бойы далада жүреді. Бой сергітеді.

Үйге тек, қас қарайғанда бір-ақ кіремін. Оған дейін түртінектеп, үйдің маңайында ұсақ-түйек шаруаға алданамын. Алда қыс келе жатыр. Соған қам жасаған боламын. Жалғыз өзім тұрсам да, үй-жайды таза ұстау – бойға сіңген ғадет. Мұнда келіп-кетуші көп. Балық аулауға келетіндер бар. Жоқ іздегендер де маған соқпай кетпейді. Жаздың күні ауылдың адамдары  осы маңайдан шөп шабады. Солардың бәрі менің қонақтарым. Темекімді, нан-суымды жеткізіп береді. Аз-кем отырып әңгімелеседі. Кейде уақыттың қалай өткенін де білмей қаламын, – дейді Владимир Новиков.

Сағат жарым отырғанда қария талай сырын ақтарды. Бірақ, көңіліне қаяу түсірмеді,  көзіне жас та алған жоқ. Құдды бір өмір – өзеннің ағысы осылай болуы керек сияқты. “Тағдыр шешті, мен кештім.  Мен өмірімді тағдырдан сұрап алған жоқпын. Шыр етіп дүниеге келгенде пешенеңе не жазады, сол болады. Қалғаны бос сандырақ. Ал адам баласы қай жерге бауыр басса, сол Отан!  Маған ыстық ұя болған Ашадан ешқашан қия баспаймын. Бұл жер маған өте қымбат!”, – деп  кесімді сөзін айтты қария қоштасарда.Мүмкін, оның айтуы да дұрыс шығар, қазіргідей қатыгез қоғамда  талай жасамыс қарттар  үйін жағалап кетті. Ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көрер шақта екі көзі төрт болып, терезеге телмірген қариялардың өміріне қарағанда, Вовка “Новатордың”  тұрмысы  оңды, тірлігі көш ілгері. Жапан түзде жалғыз тұрады демесеңіз, өз өміріне өзі ғана қожа… Қариямен қоштасып, көлікке мінген де, ол көзін қолымен көлегейлеп, батып бара жатқан күнге қос жанарын сығырайта, ұзақ қарап тұрды. Ал, анадайда ағараңдап жалғыз үй артта қалып барады…

          Әлібек ЫБЫРАЙ

            Суреттерді түсірген – Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу