Жанкелдин ауданында жағдай тұрақталып келеді. Өткендегідей емес, су деңгейі едәуір түскен. Алайда, көптеген елді мекен әлі жарықсыз, байланыссыз отыр.
Көлік қатынасы жоқ. Су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарына әлсін-әлсін гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов пен облыстық, аудандық қоғамдық штаб жетекшілері Батырбек Ахметов, Сейітбек Қуанышбаевтар шалғайдағы Ақкөл, А.Байтұрсынұлы ауылдарына барып, жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Олар өздерімен бірге азық-түлік, бірнеше генератор ала барды.
«Жанкелдин ауданы Қостанай облысындағы ең үлкен зардап шеккен аудан. Осыған байланысты жалпы халықпен кездесіп, үкіметтің жасап жатқан жағдайын халыққа түсіндіруді мақсат етіп келдік. Ауыл арасында қандай да бір мәселелерді штабқа, құзыретті органдарға жеткіземіз. Халық қазір жағдайға түсіністікпен қарап жатыр. Қазіргі қажетті нәрсе – жол салу, екіншіден, жарықты қосу. Сонда халық бұрынғы тіршілігіне қайтып келеді. Оның бәрін бір күнде істеу мүмкін емес. Бірте-бірте бәрі орынына келеді деп сенеміз. Гуманитарлық көмекті жергілікті әкімдік жеткізіп жатыр», – дейді аудандық штаб жетекшісі Сейітбек Қуанышбаев.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген
Бейбіт Мейрамұлы
Жанкелдин ауданы