Торғайда ұлттық дәстүр күнін атап өтті 

Торғайда ұлттық дәстүр күнін атап өтті 

 Бүгін “Мәдениет және ұлттық салт – дәстүр күні” Жанкелдин аудандық мәденет бөлімі мен Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің ұжымы тамаша іс – шараның ұйытқысы болды.

Яғни мәдениет үйінің кіре берісіне “Дәстүрім ізгілігім” тақырыбындағы мерекелік көрмені көпшіліктің назарына ұсынды.

Көрме барысында қолөнер шеберлерінің туындылары таныстырылды.

Торғай жерінен шыққан зергерлердің қолдан жасаған зергерлік бұйымдары асқан шеберлікпен жасалған. Оның сыртында сол жерден шағын кітап көрмесі де көрініс тапты.

Ұлттық дәстүр, ұлттық аспаптар, ұлттық құндылық, ұлттық киімдердің ерекшелігінен сыр шертетін кітаптар сөреде тізбектеліп жиыстырылған. Сонымен қатар, киім ілгіш бөлме ішінен қазақтың ақбоз киіз үйін құрып, ішін көне заттармен әспеттеген.

Келген көрермендер киіз үйдегі наурыз көжеден дәм татты. Екінші бір бөлігінде ұлттық тағамдар фестивалі ұйымдастырылды. Би бөлімінің бишілері ұлттық киімнің сән үлгілерін көрсетті.

Аудан әкімінің орынбасары Еренбол Алматов мерекені тамашалауға келген көрермендерді Наурыз мейрамымен құттықтап, тілегін арнады.

“Наурызнаманың бастауы “Көрісу күні – Амал мерекесінен” басталды. Күні бүгінге дейін мәдениет саласының қызметкерлерінің ұйымдастырымен жалғасын тауып келеді. Ертең “Баталы елге бақ қонар” атты батагөйлер сайысы өтеді. Одан кейін “Өнерлі ардагерлер – ел өрісі” негізінде әр салада қызмет жасап, зейнеткерлікке шыққан ардагерлердің мерекелік концертін тамашалаймыз. “Ұлт аспаптар үні” домбырашылармен күй шеруін көрулеріңізге болады. 20 – 23 наурыз аралығында ұлттық спорт ойындары, қазақ халқының салт дәстүрлерін насихаттап, қайта жаңғыртатын күн алда. “Қош келдің әз- Наурыз” мерекесін барша аудан халқы орталық алаңда қарсы алады деп жоспарлап отырмыз. Сондай – ақ, “Таза ауыл- өзіңнен басталады” жалпыұлттық сенбілікке шығып, көшелерді қоқыстан тазалап, көшет ағаштарын отырғызамыз. Осындай ауқымды іс – шараға баршаңызды атсалысуға шақырамын. Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа бақ-береке, елімізге молшылық әкелсін”, – деді ауданн әкімінің орынбасары.

Алдағы апта торғайлықтар үшін ән мен жырға, ұлттық құндылықтарға толы күн.

 

Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу