Торғайда бір қой төрт қозы туды

Торғайда бір қой төрт қозы туды

Жуырда Торғай ауылының тұрғыны «WhatsApp» мессенджеріне қорадағы қойы төрт қозы туғанын айтып, сүйіншіледі. Бірақ қойдың иесі аты-жөнін айтпауымызды өтінді. Біз де тосын жаңалыққа елең етіп, қойдың егесіне бардық, мән-жайға қанық болдық.

«Ойымда ештеңе жоқ, қораға мал шығарайын деп барсам, өз көзіме өзім сенбедім, бір қойдың қасында үш қара, бір қызыл қозы жүр. Сөйтсем, әлгі қой төрт қозы туыпты. Қозылары да ірі. Кезектесіп емеді. «Мал баққанға бітеді» деген осы екен. Енді қызыл қойды баптап, жем-шөбін үзбей, үйден жылы су беріп отырамын. Себебі сүтке жарымаған қозылар өспей қалады. Өмірімде төрт қозы туған қойды бірінші рет көріп тұрмын. Нағашы-жиендер хабарласып, «қаланың қақ ортасынан төрт бөлмелі үй алатын болдың» деп әзілдеп жатыр. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп кезінде қариялар айтып отырушы еді. Енді биыл көктем айында төрт жусан артық шығады», – деп жымиып қойды мал иесі.

Кезінде Торғай даласында қой санының 400 мыңға жуықтағаны тарихтан мәлім. Шопандар “100 қойдан 110 қозы алдық” деп бөріктерін көкке атып, қуанатын. Сол уақыттың өзінде қойдың егіз қозы тууы сирек кездесуші еді.

 

                                                                Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу