Торғай табанында туған жерін даңққа бөлеген талай тұлғаның кіндік қаны тамғаны мәлім. Нелер дүлділ ақындар мен жазушылардың мекені болған киелі топырақтан кен қазған шахтердің шығуы кездейсоқтық еді. Өйткені, елуінші жылдары қолына қайла ұстап, жердің төменгі қабатынан көмір кенін іздеу щалғайдағы ауыл баласының түсіне де кірмейтін.
Бірақ, осы бір «тәртіпті» Тәуешкиннің баласы бұзды. Жастайынан қара жұмысқа араласып, ата-анасына жәрдемші болған бозбала Еркешке қандай шаруа тапсырса да, аяғына жеткізбей тынбайтын. Оның сол қайсар мінезі алысқа жетеледі де тұрды.
Көп ұзамай ол Қарағандыны бетке алды. Сондағы көмір кеніштерінің біріне жұмысқа орналасып, тәжірибелі шахтерлермен бірге күндіз-түні кен қазды. Бұл мұз шайнап, қар бүріккен қайратты жас жігіттің қай жұмыстан да беті қайтпайтын бұла шағы еді. Кеңес одағын қазір қалай десек те, ол кезде де адам еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Торғайдан келген қара баланың көрсеткіштері шахта басшыларының назарын аударды.
№31 шахтада көмір құлатушы болып еңбекке араласқан Еркеш Тәуешкеұлы 1946-1962 жылдары көмір комбайнының машинисі, бригадир болды. Ал 1962 жылдан бастап тура он екі жыл бойы учаске бастығының орынбасары қызметін атқарды. Елуінші жылдардың орта шенінде Еркеш Тәуешкиннің бригадасы «Донбасс» комбайнымен айына 28025 тонна көмір өндіріп, бүкілодақтық рекорд орнатты. Кейінгі төрт жылдың бедерінде ол шахтадағы басқа да әріптестерімен бірге бұл нәтижені 48 мың тоннадан асырып, әлемдік рекордты жаңартты. Е.Тәуешкин 1972 жылы атақты шахтер Алексей Стахановпен жарысқа түсіп, тәжірибе алмасты. Осыдан соң даңқы дүниежүзіне кеткен атақты кенші өзінің «Алтын бұрғысын» Еркеш ағамызға сыйға тартты. Ол жәдігер бүгінде Қарағанды қаласындағы музейде сақтаулы тұр.
Осылайша, ауылдан шығып, аты әлемге жайылған Еркеш ағамыздың ерлігі күн сайын аспандап, абыройы асқақтай түсті. Тіпті, сол жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев Одақ төртінің мінберінде сөйлеген сөзінде Е.Тәуешкиннің ерлікке пара-пар еңбегін өз баяндамасына арқау еткен.
Өткен ғасырдың қырықыншы-жетпісінші жылдары «Социалистік Қазақстан» газеті көп жазды. Басылым қарапайым қыр қазағының көмір қазуда одақтан тысқары, дүниежүзілік рекордты жаңартқаны туралы сүйіншіледі. Кейін даңқты кенші жөнінде одақтық «Труд», «Известия», «Правда» газеттері жарыса жазып, қазақ шахтерінің даңқын шетел асырды.
Еркеш Тәуешкин туралы мәскеуліктер деректі фильм де түсірді. Ерекең Чехословакия, Венгрия, Польша сияқты сол кездегі социалистік жүйедегі елдердің де қошеметіне бөленіп, «Құрметті щахтері» атанды. Бірнеше рет Қарағанды қалалық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланды. Ал 1958 жылы 5-шақырылған ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып, алпыс екінші жылға дейін халық қалаулысының міндетін мінсіз атқарды. Еркеш ағамыздың еңбегін елі жоғары бағалады. 1961 жылы Қаз КСР-інің еңбек сіңірген шахтері атанды. «КСРО-ның Құрметті шахтері» төсбелгісін кеудесіне тақты. Ол «Құрмет белгісі» орденімен, басқа да орден-медальдермен аталып өтті. Бүкілодақтық халық шаруашылығының (ВДНХ) көрмесіне қатысып, алтын медальмен марапатталды. Сол жолы қазақтың белгілі ақыны Асқар Тоқмағамбетов Еркеш ағамызды былай деп жырлады:
Қопарып таудың «тағы» тас көмірін,
Елінің көркейтуге жақсы өмірін,
Бұл тойға шашуымен Еркеш келді,
Көтеріп көмірімен жас көңілін.
Жас батыр қаһарланса, тау ышқынды,
Бір тауды, бір тауға әкеп қауыштырды.
Бәрінің мақтанышы, Еңбек ері,
Қарсы алды тойдағылар Тәуешкинді!
Атағы алысқа кеткен Еркеш Тәуешкеұлы 1975 зейнеткерлікке шығып, туған жеріне біржола көшіп келді. Өмірден озғанша ол өзі туып-өскен «Торғай кеңшарында құрылыс саласында еңбек етті. Даңқты жерлесіміз 1991 жылы, 67 жасында өмірден озды. Бүгінде оның тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашылған. Шеген ауылындағы көшелердің бірі Ерекеңнің есімімен аталады.
Еркеш Тәуешкиннің 100 жылдық мерейтойына арналған басқосу үстінде оның көзін көріп, етене араласқан, бірге қызмет істескен азаматтар, бүгінде қадірменді қартқа айналған інілері сөз алды. Мәселен, жетпісінші жылдардың орта шенінде «Торғай» кеңшарының директоры болған Нүреддин Молдабеков ақсақал Ерекеңнің туған жерін көркейтуде қосқан үлесі жайлы тебірене толғады.
– Еркеш ағамыздың Қарағандыда өткен еңбек жолы бір төбе, туған ауылына сіңірген еңбегі бір төбе. Оның жастайынан әкенің қанымен берілген еңбекқорлығымен қоса, адамгершілігі, қарапайымдылығы бәрімізге үлгі-өнеге болды. Ол ешқашан кеуде керіп, мақтануды білмейтін. Өмірден озғанша сол қарапайымдылығынан танған жоқ. Ерекеңнің жары – Ораз Аймаққызы да ерекше бір жан еді. Екеуі ұзақ жыл отасып, ұл-қыз сүйді. Соларға тәлімді тәрбие берді, – деді Нүреддин Сыпабекұлы.
Ұзақ жыл Жанкелдин ауданында есеп-қисап саласында еңбек еткен Жұмақан Сәдуақасұлы да ағасы жайлы тағылымды естелік айтты. Ағамыздың жұртқа беймәлім өмір деректерімен бөлісті. Ерекеңнің жүз жылдық тойына Қарағандыдан балалары Төлеген, немересі Бауыржан, қыздары Ғалия, Ғазиза сынды аға-апаларымыз келіп, олар да әкелерін тебіреніспен еске алды. Сондай даңқты азаматтың ұрпақтары болғандығын айтып, есімін қастерлеп отырған Торғай жұртшылығына алғыстарын білдірді.
Тағылымды басқосуда Еркеш Тәуешкин жайлы деректі бейнефильм көрсетілді. Бұдан қазіргі жастар көп тәлім алары даусыз. Жалпы, Торғай көлемінде туып-өскен атақты азаматтар туралы деректер қоры өте мол. Оны сақтаушы «Жанкелдин атындағы Торғай мұражайлар кешені» мемлекеттік мекемесінің басшысы Гүлбану Сәрсекей басқосу барысында өте тартымды етіп баяндап берді. Айтпақшы, тағылымға толы кеште жұртшылық Торғай кентіндегі бір көшеге Еркеш Тәуешкиннің есімі берілсе екен деген ұсыныс айтты. Ол да жауапсыз қалмады.
Ас үстінде сөз алған Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов көпшіліктің ұсынысының орынды екеніне тоқталып, Мемлекет басшысының алдағы жылды «Жұмысшы мамандығы» жылы деп жариялауымен сәйкес келуіне орай қарастырылу мүмкіндігі барын атап өтті. Тәрбиелік мәні зор кешті Еркеш ағамыздың баласы мен келіні Ермек Еркешұлы мен Мархаббат қорытындылап, асқа жиналған барша ағайынға алғыстарын білдірді.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Жанкелдин ауданы