Торғайлық өнерпаздар облыс орталығында концерт береді дегеннен бері елді сағынған көрерменде тағат болмады. Соның дәлелін Жастар сарайында өткен концерттен көрдік. Зал лық толды. Жүгіріп билет алған халық құшақ-құшақ гүлін де ала келіп, жайғасып жатты. Сонымен Қостанайды ән құшағына бөлеген торғайлық өнерпаздар «Туған жер үні» атты концертімен көрерменін қуанышқа бөледі.
Тарихы тереңде жатқан Торғай топырағының құмына аунап өскен әр перзентінің сағынышын басу үшін, өнерпаздар елдің сәлемін осылайша, өнер тілімен өрнектеп әкелді. Бұл кеш – тек концерт емес, ел мен елдің арасын жалғаған рухани көпір, жүректен шыққан сырлы үн, туған өлкенің шежірелі сазын жеткізген өнер шеруі болды.
Концерт жарты ғасырлық тарихы бар Қонысбай Әбіл атындағы «Ғасырлар пернесі» халық ансамблінің орындауында «Ақ сауыт» дүбірлі күйімен ашылды. Домбыраның күмбірі зал ішін кернеп, көрерменді бірден рухани биікке жетеледі. Бұл сәт – тарих пен тұлғаны, өнер мен өрісті жалғаған әсерлі көрініс болды. Күй ырғағымен сахнаға Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің жанынан құрылған «Халық» театры әртістері шығып, «Туған жерге сағыныш» атты прологын сахналады. Көріністе Торғайдан түлеп ұшқан біртуар тұлғалар – Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Мыржақып Дулатов, Ғафу Қайырбеков сынды ұлт зиялыларының бейнесі шынайы сомдалып, әрқайсысының елге, жерге деген сағынышы мен аманаты монолог арқылы көрерменге жол тартты.
Жүректен шыққан сөз жүрекке жетті. Залда терең үнсіздік орнап, көрермендер сахнадан айтылған әр сөзді жан-тәнімен сезініп отырды. Бұл сахналық композиция көрерменнің жанын тербеп, тебірентіп қана қоймай, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілікті оятты. Қазақтың рухани көсемдерінің үнін бүгінгі ұрпаққа жеткізу – концерттің ең маңызды тұстарының бірі десе де болады. Прологтан кейін сахна сәні одан әрі түрленіп, бірінен соң бірі шырқалған әндер мен күйлер кеш шырайын аша түсті.
«Концертті жоспарлағандағы басты мақсатымыз – ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, рухани байланысты сақтау. Себебі мәдениет – ұлттың жаны, ал оны кейінгі буынға жеткізу – біздің парызымыз. Ауданда былтырдан бері жүзеге асып келе жатқан «Ауыл және мәдениет» атты авторлық жоба – осы бағыттағы нақты қадамымыздың бірі. Жоба аясында Торғай жерінен шыққан ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттап, жастардың бойына сіңіру көзделген. Бүгінгі кеш аудан басшылығының, облыстық мәдениет басқармасы мен мәдени ошақтарының қамқорлығы мен қолдауының арқасында жоғарғы деңгейде өтіп жатыр», – дейді Жанкелдин аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Жанар Шалабай.
Торғайдың талантты жастары Әділ Ақанов пен Перизат Қалабайқызы орындаған «Күй тартыс» көрерменді бірден баурап алып, қос домбыраның үніндегі шеберлік пен өнер иесінің ішкі жан-дүниесі үйлесім тапқан көрініске айналды. Одан кейін Ғафу Қайырбековтің сырға толы жырларына негізделген «Қызбел суреттері», «Торғай толғауы» және Ахмет Байтұрсынұлының халық жүрегінен орын алған «Екі жирен», Қалибек Деріпсалдин ағамыздың Еркебұлан Кәрімұлының сөзіне жазылған «Айналдым туған даламнан», Болат Хамзиннің «Шолпаным жұлдызым», Қонысбай Әбілдің «Бала махаббат»… айта берсе көңілің толатын әндері шырқалды.
Оңтүстік Корея, Сеул қаласындағы Корей ұлттық өнер университетінің түлегі, бүгінде Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Дилара Қарекенова, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның ұстазы Талғат Сапабеков кешке арнайы келіп, ән тарту етті. Алмас Нұрлан, Байдос Қожасағиев, Мирас Әбдікәрім, Фариза Бүркітбай, Оразбек Ғалымов, Дилара Қарекенова, Жәуке Оңдаған, Фариза Жоламанова, Тасқын Әжібай, Гүлсая Манат, Серікболсын Әбікен, Серік Алпыс және «Ару Аналар» аналар ансамблі, Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары кештің мерейін асырды. Ал Перизат Қалабайқызы жетекшілік ететін «Балқадиша» жетігеншілер тобы көрермен үшін жаңалық болғанын айта кеткен жөн.
«Өзім Торғай елінің қызымын. Өзіміздің қара шаңырақ – Болат Хамзин атындағы өнер мектебінде домбыра сыныбында тәлім алғанмын. Оқу бітірген соң елге қызмет етемін деп туған жеріме оралдым. Жұмыс істеп жүріп жетіген аспабын көрдім. Содан осы аспапты үйреніп, сахнаға алып шығамын деген ой келді. Өз бетіммен үйреніп, кейіннен домбыра мен жетігенді қатар меңгеріп, шығармашылық жолымды жаңа қырынан дамыттым. Осылайша «Балқадиша» жетігеншілер тобын құрдым. Репертуарымыз жылдан-жылға толығып, түрлі ұлттық және заманауи туындылармен толықтырылып келеді. Алдағы уақытта бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізгім келеді. Бізге барлық жағдай жасалған. Жетіген аспабы біздің өңірге жаңашылдық әкелді. Өнерге деген сүйіспеншілікті бойыма дарытқан марқұм әкем Қалабай еді. Киелі сахнада әкемнің аты аталса, төбем көкке жеткендей болады. Ел сенімін ақтап, әкемнің аманатына адал болуға тырысып келемін», – дейді Перизат Қалабайқызы.
Осындай жобалар арқылы жас жеткіншектер ұлттық өнерді меңгеріп қана қоймай, үлкен сахнада еркін өнер көрсетуге мүмкіндік алып отыр.
«Жанкелдин ауданына келген жас маманмын. Өзімнің туып-өскен қасиетті мекеніме қайта оралу – мен үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік. Бұған дейін Астана қаласында еңбек етіп жүріп, арнайы шақырту алған соң көп ойланбай Торғайға бет бұрдым. Бұл жер – талай өнер саңлақтарын түлеткен, таланттар мекені. Мұнда келу менің шығармашылық жолымдағы жаңа белеске айналды. Бүгінде 150-ден астам оқушы би үйірмесіне қатысып жүр. Балалар өте ынталы, өнерге деген құлшынысы керемет. Олар сахнада өзін еркін сезінеді. Осындай талапты жастармен жұмыс істеу мен үшін үлкен бақыт. Ұжымымызға аудан әкімдігі мен мәдениет бөлімі тарапынан, ата-аналардан да қолдау бар. Сол себепті жарты жылдың ішінде өзімді толықтай ысылып, кәсіби шыңдала түскендей сезінемін», – дейді «Ерке-Наз» ансамблінің жетекшісі, жас маман Томирис Ақтас.
Қостанай өңіріне есімі жақсы таныс Жоламановтар әулеті мен сахнада бір-бірін толықтырып, көрерменнің көзайымына айналған Қанат пен Әсем Ражановтар отбасылық дуэті де көрерменін қуантты. Әнге деген адалдықты, өнерге деген шынайы махаббатты ту еткен бұл отбасылар көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Кеш барысында халықтың ортасында отырған Серікбай Оспанов ағамызға арнайы құрмет көрсетіліп, көрермендер ду қол шапалақпен қошемет білдірді. Халықтың ақынға деген ықыласы мен алғысының шынайылығын сездік. Осы сәтте сахна төрінде ақынның жүрек түбінен шыққан сырлы сөзіне айналған «Сағындым Алматым» әні әуелеп, зал ішін сағыныш сазы мен іңкәр сезімге толтырды.
Халық арасында орны ерек, өңірдің танымал композиторы Бақытжан Сәуекенов ағамыз бұл кеште құрметті көрермен ретінде отырған еді. Көпшілік қауымның ықыласымен сахна төріне көтеріліп, «Туған жер, Торғайымды» орындағанда, зал іші толқып, көрермендер орындарынан тұрып, ұзақ қол соғып, тағы да ән сұрады. Халықтың ықыласы мен өнерге деген құрметі осылайша көрініс тапты.
Торғайда өнер туын тіккен, ел-жұртты әсерлі әндерімен сусындатқан, кең даланы сазды әуенімен тербеткен тегеурінді талант – Болат Хамзин. Бүгінде Болат Хамзиннің әндері ауыл мен қаланы, жас пен кәріні тең тербеп, ел жадында сақталып келеді. Сазгердің қызы, ҚР мәдениет ісінің үздігі Гүлзат Хамзина әкесінің шығармашылығын ұлықтап, оны насихаттауға бар күшін салып жүрген тұлға. Гүлзат Болатқызы көрерменге Марфуға Айтқожинаның сөзіне жазылған, Болат Хамзиннің нәзік туындысы «Орамалды» тарту етті. Бұл туынды әкесіне деген құрметтің ғана емес, Торғай топырағынан нәр алған өнердің мәңгілік екенін дәлелдегендей әсер қалдырды. Залда отырған көрермен көздеріне жас алып, әнмен бірге естеліктерге сапар шекті.
Кештің соңы құрмет пен марапатқа ұласып, шынайы ризашылық пен ыстық лебіздерге толы болды. Жанкелдин ауданы әкімінің атынан кешке қатысушыларға ықылас гүлі табысталды. Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Саят Жүсіпов жылы лебізін білдіріп, мерекелік кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Кейін сахнада бірқатар өнер иелеріне облыс әкімінің және мәдениет басқармасының Алғыс хаттары салтанатты түрде табысталды. Жанкелдин аудандық мәслихаты төрайымы Анар Ержігітова да құттықтады.
Көптің көкейінде жүрген рухани сағынышты басқан концерттің шарықтау шегі Торғайдың әнұранына айналған «Айналайын, Торғайым» әнімен түйінделді. Сахна төрінде барлық қатысушылар жиналып, әнді бір дауыспен орындап, көрерменмен бірге туған жерге тағзым етті. Бұл сәт көпшіліктің көзіне жас үйіріп, жүректерге жылу сыйлады. Осылайша Торғай үні Қостанайда әуелеп, ел жүрегінен орын тапты.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Жансая Сәбитбек