Толассыз жауын-шашын фермерлерді алаңдатып тұр. Министр жедел штаб отырысын өткізді

Толассыз жауын-шашын фермерлерді алаңдатып тұр. Министр жедел штаб отырысын өткізді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін жинау науқаны жөнінде жедел штабтың отырысын өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Күзгі жиын-терім науқанында фермерлер үшін астықты кептіруге қажетті жанар-жағармайдың болуы, күн райының қолайсыздығынан зардап шеккен шаруалардың несиелерін ұзарту, қарыздарының көбеюі өзекте мәселе болып тұр.

Қазақстанның негізгі астық егетін өңірлері – Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында соңғы екі аптада жауын-шашын толастамай тұр. Қазгидрометтің болжамы көңіл көншітпейді: жауын-шашын 17 қыркүйекке дейін жалғасып, аяз түседі, соның салдарынан солтүстік өңірлерде жаңа дәннің өніп кетуі және ылғалдың жоғарылығынан сапасының төмен болу қаупі бар.

«Қазір біздің басты міндетіміз – ауа райы қолайсыздығының салдарын азайтып, фермерлерге барлық қажетті қолдауды көрсету және келесі жылға сапалы тұқым қорын қамтамасыз ету», – деді Айдарбек Сапаров.

Жедел деректер бойынша 8 қыркүйекке дейін Қазақстанда 4,8 млн га астық жиналды, бұл жалпы егіс алқабының 28%-ы. Орташа өнімділігі 10 ц/га болған кезде, 4,8 млн тонна астық жиналды.

Жаңалықтармен бөлісу