Облыстық Қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Тоғызақ ауылында тағылымды іс-шаралар циклін өткізді.
Іс-шара барасында “Адал азамат” тақырыбында лекция оқылып, отандық фильм көрсетілді. Қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, мемлекеттік тілді үйренуге қатысты сұрақтарға толыққанды жауап берілді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарына мемлекеттік рәміздер жайлы мәлімет берілген парақшалар үлестірілді. Ұлттық өнер мен дәстүр туралы көріністер қойылды. Тағылымды іс-шара барысында ауыл тұрғындары мен қонақтар табиғат аясында жайылған дастарханнан дәм татып, концерт тамашалады.
-Іс –шараны ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Өскелең ұрпаққа иедологиялық мазмұнды бағдарламаның әсері мол. Мемлекеттік тілдің, дәстүр мен ғұрыптың насихатталуына бағытталған кешенді шарадан жастар өз қажетін алады деп ойлаймын. Осы бағыттағы жұмыс ауылымызда бұдан былай да жалғасын табатын болады, – дейді Тоғызақ ауылдық округінің әкімі Ирина Проскурникова.
Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Валентина Евтухова үлкен кісілерге дәстүрлі әндердің ерекше әсерге бөлегенін айтады.
-Әншінің орындау шеберлігі, толқытып әкететін иірімдері арқылы қазақ халқының бай мұрасын бізге дәл жеткізгендей болды. Қазақ халқының салт-дәстүрін бейнелеген сахналық қойылымдар да сәтті шыққан. Қонақтарға алғыстан байқа айтарымыз жоқ, – дейді ол.
Әділетті мемлекеттің, біртұтас ұлттың және қоғамның құндылығын қалыптастыру және нығайту жөніндегі кешенді іс-шаралар облыстың жеті ауданында өткізіледі. Ауылдық жерлерде ұйымдастырылған мұндай іс-шаралардың Отанды сүю, дәстүрді ұлықтау, мемлекеттік тілді құрметтеу сияқты құндылықтарды насихаттаудағы рөлі маңызды.
Әлібек ЫБЫРАЙ