Қазіргі жастар қолы бос уақыттарында бұрынғыдай сереуендемейді. Ғаламтордың тұрақты тұтқынына айналып бара жатыр. Заңсыз бизнеспен айналысатын делдалдар да осы бағытқа көшкен сыңайлы. Аялдамалар мен қуыстағы үйлердің қабырғаларында есірткі жарнамасын жиі кездестіруге болады. Онда есірткіге делдалсыз қалай қол жеткізуге болатыны туралы ақпарат бар.
Бұл Қостанайдағы №17 мектептің оқушысы Жанерке Ахметбектің пікірі.
«Есірткіге қарсы акция ұйымдастыру өте дұрыс. Себебі қазіргі кезде ақша үшін қылмысқа тартылып, ойларын іске асыратындар бар. Осы жазулардың көмегімен қылмыскерлер инстаграм, телеграм боттарын жасайды. Оларды жою балаларға да, үлкендерге де пайдалы әрі үлгі болады деп айтар едім», – дейді Жанерке Ахметбек.
Мектеп оқушысының бұл сөзімен Облыстық полиция департаментінің есірткімен қарсы күрес басқармасының өкілі Айгүл Ерәділова да келіседі.
«Тұрақты түрде осындай жазуларды өшіріп тұруға, еріктілерді тартамыз. Осы уақытқа дейін төрт жүзден астам жазбаның көзі жойылды», – дейді Айгүл Ерәділова.
Нашақорлықпен күрес тобы бесінші шағын аудандағы жеке секторлардың қуыс-қуысын тінтті. Оларға «Қостанайдың жас жетекшілері» қоғамдық бірлестігінің өкілдері көмекке келді. Гүлсім Бейсембаева бастаған топ еріктілерді арнайы киім үлгілерімен жабдықтады.
«Бұл акция денсаулық сақтау басқармасының тапсырысымен бірігіп іске асырылып жатыр. Психо белсенді заттарды таратуға қарсы шаралар қолдануға бөлінген қаржыға арнайы жабықтар сатып алынды. Бұл іс-шара желтоқсан айына дейін жалғасатын болады», – дейді Гүлсім Бейсембаева.
Бұл жолы үш тарап акцияны басқа форматта өткізуді қолға алды. Трафарет дайындап, есіркі жарнамасы жойылған қабырғаларға «Нашақорлыққа жол жоқ» жазуын жазды. Әр өшірген таңбаны әр түсті бояумен бояды.
Ирасхан Хаджиев Қостанай экономикалық колледжінде білім алады. Өзін дәл қазір әлемнің құтқарушысы ретінде сезініп тұғанын айтты.
«Акцияға алғаш рет қатысуым. Басында қызық үшін келіскеніммен, қазір өзімнің замандастарыма үлкен көмек беріп жатқанымды түсінім отырмын. Бұл менің студенттік кезеңдерімнің жарқын естелігі болып жадымда қалады», – дейді ол.
Полиция департаменті есірткіге қарсы күрес басқармасы мен Қостанай экономикалық колледжі студенттерінің шеруі Карбышев көшесінде жалғасты. Колледж студенті Тамара Загребина да бұл акцияға алғаш рет қатысып отыр.
«Егер осындай ақпараттар болмаса, жастар арасында жағымсыз әрекеттер тыйылар еді. Жастарға да, үлкендерге де қоғам алдында жауапкершілікке тартылатынын түсіндіру қажет. Тағылатын айыпты көргеннен кейін қылмыстық әрекетке бармау керектігін ұғатын болады. Біз өзіміз сияқты жастарға көмек беріп, үлгі болып жатырмыз», – дейді Тамара Загребина.
Алдыңғы жылдары екі жүзден астам жарнамаға тосқауыл қойылған. Биыл бұл жұмыс қарқын алды. Жыл аяқталмай жатып, жойылған жарнамалар саны төрт жүзден асып отыр. Демек тыйым салынған жарнамалардың қатары көбейе түскен. Бұл қуанатын нәрсе емес. Естеріңізге сала кетейік, бұл жастар арасында есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыру үшін өткізіліп отырған алтыншы акция. Жасырын жанаманы таратқаны үшін үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ол 299 – бап 2020 жылы Қылмыстық кодекке енгізілген. Осы жылы жасырын жарнамалардың жиырма фактісі анықталғанын айта кетейік.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді облыстық ПД ұсынды