Өңір басшысы Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Қостанай ауданында болды.
Тобыл қаласында бой көтеріп жатқан «Астана», «Бәйтерек» шағын ауданындағы нысан құрылысының барысымен танысты. Облыс әкімі Мемлекет басшысысының тапсырмасы өңірде жүйелі орындалып жатқанын атап өтті.
Тұрғын үй саясатындағы басымдық тек көлемдерді ұлғайтуға ғана емес, сонымен қатар құрылыс сапасына, тұрғындар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігіне жасалуы тиіс екендігін жеткізді.
«Біз Қостанай облысында осы тәсілді жүзеге асырып жатырмыз. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Тек өткен жылдың ішінде облыста 500 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді, бұл 5 мыңнан астам отбасын пәтерлермен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Өткен жылы орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 315,3 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, өткен жылы екі жыл бұрыңғыға қарағанда құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 51,6 млрд теңге болған, өсім 3,6 пайызға байқалады.
Ал кірпіш өндірісі 22,1%, бетон бұйымдары 6,7% , цемент және бетон плиткаларын өндіру 15,8% өсіп отыр.
«Жалпы, бүгінгі таңда біз бюджеттік тұрғын үй құрылысына жаңа тәсілдерді енгізіп жатырмыз. Стандартты үйлердің орнына, түрлі дизайндағы үйлер бой көтеретін болады», – деді өңір басшысы.
Тобыл қаласына қарасты «Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандарда 154 көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Оған 176 гектар аумақ қарастырылған. Сондай-ақ, 14 мыңнан астам пәтерге шамамен 60 мың адам қоныстанады. Бұл үйлерде жаңа үлгіде көй көтеріп, тіпті тұрғын үйдің іші де жаңа кейіпке енеді.
Сералы МЫРЗАБАЙ,
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ