Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбектің Қостанай жұртшылығымен кездесуінде айтылды. Министрдің орынбасары биыл ұзындығы 21,1 шақырымдық 110 кв әуе желісі мен Шығыс кіші станциясын салу жоспарланғанын айтты. Жобаның жалпы құны 3,5 млрд теңгеге бағаланған. Оны жүзеге асыру нәтижесінде Тобыл қаласы мен Мичурин ауылының 26 мыңға жуық тұрғынын сапалы және үздіксіз электрмен жабдықталатын болады.
Жиында облыстың отын-энергетика кешеніндегі ағымдағы жағдайына тоқталып өтті.
Кеңесті ашқан облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов облыстағы жылу-энергетика саласындағы жағдайды баяндап берді. Оның айтуынша, өңірде жылу жоспарға сәйкес беріліп жатыр. Ешқандай іркілісі жоқ. Облыс аумағында бес жылу-энергетикалық орталық, он алты автономды қазандық тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Биыл жалпры ұзындығы 74 шақырымнан асатын құбыр жөнделген. Барлық жылумен қамту жұмысы бақылауда ұсталынған.
– Халықты газбен, жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету біздің алдымыздың маңызды міндеттердің бірі. Сіздердің облыстарыңыздағы жағдай қалыпты деуге болады. Жылу да, жарық та ешқандай кедергісіз, тоқтаусыз беріліп тұр. Электр энергиясын тұтынуда тапшылық байқалмайды. Қазіргі жылыту маусымында жұмыстың сенімділігін арттыру мақсатында 2024 жылы Рудный ЖЭО-ның № 4 қазандықта және № 1,3 2 турбинада, Қостанай ЖЭО-ның №1,2,4,5 4 қазандықта және № 1,2 турбиналарда, сондай-ақ, Арқалық ЖЭО-да биыл № 3 қазандықта және № 1,2 турбиналарда жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді Құдайберген Арымбек.
Облыста электр энергиясының негізгі көзі Рудный ЖЭО-нан алынады. Оның белгіленген электр қуаты 267 МВт тең. Өңірде электр энергиясының жетіспейтін көлемі Екібастұз-Павлодар энергия кешенінен және Петропавлдағы «Севказэнерго» АҚ-нан жеткізіледі. Ал облыста ең ірі өңірлік энергия беруші компания «ЭПРК-Forfait» ЖШС –інің активтерінде 11,9 мың шақырым болатын кабельдік және әуе электр беру желілері және шамамен 3,2 мың кіші станция бар. Желілердің тозуы 80 %-ке жеткен.
Сонымен қатар, өңірде жалпы қуаты 98,3 МВт ЖЭК-тің жұмыс істеп тұрған үш нысаны бар. Оның ішінде қуаты 98 МВт болатын 2 жел электр станциясы және қуаты 0,35 МВт болатын бір биогаз станциясы және жалпы қуаты 250 МВт болатын төрт жаңартылатын энергия көздерінің жобасы жоспарланған. Облысты газдандыру деңгейі 58,7 %-ке тең. Бұл, бүгігі таңда барлығы 487 мың адам табиғи газ тұтынып отыр деген сөз. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 2024 жылы 5,3 мың адам табиғи газға қосымша қол жеткізбек. Келесі жылы Әулиекөл ауданындағы Құсмұрын кентінде газ тарату желілерін салу жобасын аяқтау үшін 1 млрд 196 млн теңге қарастырылған.
Кездесу соңында вице-министр тұрғындардың бірқатар сұрағына жауап берді.
Әлібек ЫБЫРАЙ