15 қараша – Ұлттық валюта күні. Мемлекеттігіміздің мәртебесі тағы бір дәлелденіп, абыройымыздың асқақтай түскеніне биыл 30 жыл. Бұл күн қаржыгерлердің де төл мерекесі екенін айта кету керек. Осынау күнді өңір қаржыгерлері салтанатты түрде атап өтті.
Оның дені теңгенің қалыптасу тарихына куә болғандар.
– Облыс бойынша ақша айырбастау кезеңінде 5,5 мың комиссия мен 3,4 мың айырбастау пункті жұмыс істеді. Сондай-ақ, бұл жұмысқа Ұлттық Банктің және екінші деңгейдегі банктердің қызметкерлері ғана емес, қалалар мен ауылдарда, шалғайдағы бөлімшелерде жұмыс істеген бухгалтерлер мен кассирлер де тартылды. Биыл облыс бюджеті 644,0 млрд теңгені құрады. 2022 жылмен салыстырғанда, өсім 46,0% ға жоғары. Жыл сайын әр саланың дамуына елеулі қаражат бөлінеді. Банктердің кредиттік салымдарының көлемі 621,5 млрд теңге, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,9% – ға ұлғайды, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов.
Мерекеде «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен, «Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалімен және облыс әкімінің грамотасымен бірқатар қызметкерлер марапатталып, құрметке ие болды. Бұл датаның мемлекет басшысының Жарлығымен қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілуі әр қаржыгердің мәртебесін асқақтатып, атқарып жүрген қызметі мен міндетінің маңыздылығын арттырды. Салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласты.
Бүгінгі мерекеде марапатқа ие болған жанның бірі Аманкелді ауданы қаржы бөлімінің басшысы Жұлдыз Сейілова. Ол Қаржы саласында 19 жыл еңбек етіп келеді.
–Біз үшін ең қымбат мереке. Бәрі де қаражатпен шешіледі. 1993 жылы 15 қарашада салық комитетінде бас маман болып еңбек ететінмін. Екі жүз мың көлемінде қаражат ауыста. Осы қаржы саласнда жұмыс істеп келе жатқаныма 19 жыл болыпты. Теңгенің ауысуын халық өте жақсы қабылдады. Ақшасы жоқтармен бөлісіп жатты, – деп естелігімен бөлісті Жұлдыз Сейілова.
Қостанайлық Мираш Жұмашев та саналы ғұмырын осы қызметке арнаған сала ардагері.
–Ұлттық теңге жөнінде айтар сөз көп. Теңге теңге болғалы да 30 жыл болды. Осы жылдар ішінде әлемге белгілі валюта ретінде танылды. Өзіміздің ішкі нарықта құны жоғары. Жылдан-жылға цифрлық технология дамыған сайын қолма-қол есеп айырсу азая бастады. Банк саласында жаң программалар көбейді. Бұл қуанышты жағдай. Ұлттық банк жиырма жылға жуықтады әлемдік стандартпен жұмыс істеп келеді. Тұрақтылығы нығая береді. Реформа жасау деген оңай жұмыс емес. Біз теңге шыққалы үш рет реформаға ұшырадық. Соның бәрінде халықпен жұмыс жасадық. Бір күннің ішінде қаншама рубль жиналып, ауыстырылды, – деп өткенді еске алады Мираш Жұмашұлы.
Салтанатты жиында теңге көрмесі таныстырылды. Оның шығу тарихына қатысты түрлі жәдігерлер, құнды монеталар көрме төрінен орын алды.
–1993 валюта теңге енгізілгенін білесіздер. Бұл көрмеге филиалдағы түрлі банкноталар үлгісін әкеліп қойдық. Монета үлгілері де тұр. 93 жылы елімізде банкнот фабрикасы болмады. Лондонда басып шығарылды. Ол кезде монета сарайы да болған жоқ, тек қағаз үлгіде еді, – дейді Ұлттық банк қызметкері Нұрлан Жаулыбаев.
Тарихи ақша тасыған жәшіктер де сол заманның бейнесін әспеттеп тұрғандай. Кейін 94 жылы банкнота фабрикасы жұмыс істей бастағаны есімізде. Содан кейін біртіндеп шығарыла бастап еді. Ең алғашқысы потретті түрлерінде тұлғаларымыздың бейнесі бар болатын. Оның бәрі де өткен тарихтың бір парағы. 2006 жылы бәйтерек сериясы айналымға еніп, банкнота ажары түрленді. Сапасы жақсарып, дизайн үлгісі де өзгерді. Кейін айналымға тиындар енгізіле бастады.
– Қағаз ақшалар айналымда 4-5 жыл ғана жүретін болса, тиындар 30 жылға дейін жүре береді. Қазақстан монета сарайында коллекциялық, инвестициялық түрлерін де шығарады. Олар түрлі металлдан, сериямен шығып тұрады. Күмістен, алтыннан, тантал деген космоста пайдалантын, тек біздің елімізде ғана кездесетін металлдан да жасалады. Түрлі тақырыпқа арналған. Коллекциялық монеталар өте аз көлемде шығарылады. Аз шыққан сайын құны да жоғарылай береді. Оны арнайы тапсырыспен алдыртатындар бар, – Нұрлан Жаулыбаев.
Монета шыққаннан бері жинап келе жатқандар үшін әр шығарылым мереке ғой. Теңгенің сапасын қорғайтын 18 элементі бар көрінеді. Қолдан жасау әрекеті болғанымен сапасына байланысты төтеп бере алмайтыны тағы бар. Бұл туралы газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бейбіт Мейрамұлы