Жанкелдин ауданы Тәуіш ауылы маңынан өтетін тас жолды тасқын су екі жерден бұзып кетті. Қазір ауылдың не Торғайға, не Арқалық жағына шығатын мүмкіндігі жоқ.
Қоңыраулы, Сарықопа, Теке жағынан түсіп жатқан судың екпіні “Қисыққарасу” жоласты өткелін бұзып кетудің сәл алдында тұрғанын бұған дейін жазғанбыз. Ауыл халқы және кейін келген аудандық Төтенше жағдай бөлімінің жасағы қанша тосқауыл қоюға әрекеттенгенімен, тасқын бой бермей кетті. Қазір жол үстімен ағып жатыр.
“Бұл – ауылдан шығаберіс беттегі жағдай. Тәуішке кіреберістегі жолды да су жырып кетті. Арқалық жағынан келіп тұрған адамдарды өткізіп аламын ба деп, трактормен барған едім. Мүлдем мүмкін емес екеніне көзім жеткесін кері қайттым. Екі жаққа да жол жоқ. Ауыл аралда қалды”, – дейді Тәуіш ауылының тұрғыны Қайбар Қашаев.
Осы мәселе бойынша облыс әкімдігі өкілдері ақпарат берді. Қазір аталған уачскелерде жұмыс жүріп жатқанын айтады олар.
“Жаркөл ауылдық округіне №27 өрт сөндіру бөлімінен 1 техника, 4 адам, аудандық ТЖБ-дан 1 адам, “Алюминстрой” ЖШС-нің 1 КамАЗ-ы, 1 тиегіш көлік жұмыс істеп жатыр. Жол жоқ екені рас. Себебі жолдың 53-шақырымын су жырып кетті. 54-шақырымында да жиектері сөгітілген. Ал 59-шақырымда жол үстіне су әбден жайылған. 700 метрдей қашықтықта жол етегі көрінбейді”, – делінеді әкімдік хабарламасында.