Биылғы көктемгі су тасқынының қарқыны жылдағыдан қатты. Қатерлі болуына орай Торғай өңірінде төтенше жағдай жарияланды. Көптеген елді мекендерді су басу қаупі әлі сейілген жоқ. Ауылдардағы отбасылар үйсіз-күйсіз қалып, лажсыздан қалаға, аудан орталықтарына шоғырланып жатыр.
Облыстың осы оңтүстік өңірлеріне ҚМДБ – ның Қостанайдағы өкілдігі атынан жіберілген гуманитарлық көмектердің легі келді.
“Қазір жан-жақтан көмектер жеткізіліп жатыр. Қайырымдылық шараларына мешіттеріміз де атсалысып келеді. Облыстық мешіттің мұрындық болуымен әрбір мешіт өзінің жамағатынан қаражат жинап, жүк көліктерін жалдап, азық-түлік тиеп жіберіп жатыр. Қазіргі уақытта, міне, алтыншы ГАЗЕЛЬ келіп тұр. Бұған дейін 100 отбасына келген көмекті таратып бердік. Бұл жұмысты ертең тағы жалғастыратын боламыз», – дейді Арқалық қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің бас имамы Нұрхан қажы Асанұлы.
Жеткізілген жүктерді түсіріп, бөліп, таратуға қалалық мешіт жамағаттары жәрдемдерін беріп келеді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы