Талабы таудай Жанерке

Талабы таудай Жанерке

Аманкелділіктер Жанерке Хамитбекованы білікті маман ретінде таниды. Тіпті, бойжеткен қыздарына Жанеркені үлгі етіп отырады. Ол аудандық музыка мектебінде қобыз сыныбында сабақ береді.

Үлгілі қызды музыка мектебінің директоры Кенжеболат Ахметов те алдыңғы қатарлы қызметкер екенін жасырмайды.

            — Жанерке, біздің мектептің домбыра сыныбын бітірді. Оқып жүрген кезінде де өзінің қаншалықты музыкаға бейім екенін көрсетті. Мектепті аяқтағасын Арқалық қаласындағы музыкалық колледждің қобыз сыныбына оқуға түсті. Оны да жоғары деңгейде бітіріп, елге қызметке келді. Қызметке келісімен өзі түлеп ұшқан музыка мектебіне жұмысқа тұрды. Кезінде өзінің ұстазы болған апай-ағайларымен әріптес болып, жақсы араласып кетті. Шәкірттерімен үнемі ізденісте жұмыс істейді. Соның нәтижесі болуы керек, оқушылары үнемі алдыңғы қатардан көрініп, топ жарып келеді, – дейді К. Ахметов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген еді.

Президенттің сөзі арқылы жастарға жағдай жасауға кеңінен мүмкіндік берілгенін білуге болады. Ал сол мүмкіндіктің игілігін көріп, пайдасына кенеліп жүрген жастың бірі деп Жанерке айтпай кетуге тағы болмас.

      –Қазір еңбек етіп, еліме пайдамды тигіземін деген жасқа барлық жағдай жасалған. Оқу бітіріп «Дипломмен – ауылға!» немесе өзге де бағдарламалар бойынша қызмет істеуге мүмкіндік көп. Мен де аталған бағдарламаның игілігін көрген жастың бірімін. Біліктілікті арттыруда және мамандығыма байланысты көптеген курстан өтіп тұрамын. Бұл ретте аудандық білім бөлімі мен өзім жұмыс істейтін мекеменің қосқан үлесі зор. Соның арқасында шәкірттеріммен бірқатар байқауда жеңімпаз болдық, – дейді Жанерке.

Қазір жастардың трендтегі әндерді аспаппен орындауын tik-tok-тан жиі көреміз. Шетелдік әннен бастап өзіміздің отандық композиторлардың әндері де құлаққа жағымды естіледі. Жанерке де бос уақытында қобызын қолына алып әсем әндерді сызылта орындайды. Оның өнеріне тәнті болғандар қыр-соңынан қалмай тойларына шақырып, қобызбен ерекше әнді орындауын өтінеді. Бұл қобызшы қыздың бойына біткен сан қырдың саусақпен санарлық бір парасы ғана. Айтылмай жүргені қаншама…

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Суретті түсірген Нұрболат БАТЫРБЕКҰЛЫ

Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу